Ссылки доступа

Қазақ-қырғыз шекарасында жүзден астам жүк көлігі кезекте тұр


Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитетіне қарасты шекара қызметі қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақ тілек" бақылау-өткізу пунктінде шамамен 119 жүк көлігі жиналып қалғанын хабарлады.

Бірақ соған қарамастан шекара қызметі жағдайды тұрақты деп сипаттайды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды. Шекара қызметінің хабарлауынша, тауар айналымының ұлғаюына байланысты жүк көліктері осылайша жиі кезекке тұрып қалады. "Негізінен мұндай жағдай демалыс және базар ұйымдастыру күндері байқалады".

"Бақылау өткізу пунктінде қырғыз жағы жүк тасымалдаушылар үшін шектеу қойып отырған жоқ. Жеңіл көліктер мен жолаушылар шектеусіз өтеді" деді шекара қызметінің өкілдері.

Ақпаратқа қарағанда, қазақ-қырғыз шекарасындағы қалған бақылау-өткізу пунктерінде көліктер кезегі байқалмаған.

Қазақстан жағы әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында көлік кептелісі жиі пайда болады. Кей кезде кезектің ұзындығы бірнеше шақырымға созылып кетеді. Шекарада бақылаудың күшеюі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дауға жиі негіз болады. Осыған дейін дау Дүниежүзілік сауда ұйымына да жеткен.

Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше, ұйым мүшелері арасында еркін тауар тасымалдау туралы келісім бар. Ал іс жүзінде оған мүше елдер бір-біріне шектеу шараларын қолданып келеді.

XS
SM
MD
LG