Ссылки доступа

Шымкентте әкімдік алдындағы аштық акциясында ұсталған белсенділер қамалды


Бір күн бұрын Шымкент әкімдігі алдында аштық акциясын жалғастырмақ болып, артынша сол жерден күшпен әкетілген белсенділер Ерлан Файзуллаев, Нұржан Әбілдаев – 15 күнге қамалды, Ермек Қонышбаевқа 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (341 доллар) айыппұл салынды.

Оларды қолдаған белсенді Жанмұрат Аштаев 10 күнге қамалды.

Сот қаулысына қарағанда, жауапкерлер "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған. Белсенділер тағылған айыппен келіспеген.

Саяси қуғынды тоқтатуды талап етіп, 24 маусымнан бері аштық жариялаған белсенділер 1 шілдеде аштықты қалалық әкімдік алдында жалғастырған. Бірақ көп ұзамай полиция оларды және қолдағандарды күшпен ұстап әкеткен еді.

Қазір мұндай аштық акциясы Алматы мен Нұр-Сұлтан, Орал және Өскемен қалаларында да жалғасып жатыр. Аштық жариялағандар саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды, Еуропарламент қарары талабының орындалуын, ҚДТ мен "Көше партиясын" партиясын "экстремистік ұйым" деп таныған шешімдерді жоюды, Қазақстанның сыртқы қарызы туралы есеп беруін талап етеді.

Одан бөлек, Еуроодақтан белсенділердің конституциялық құқығын шектеп, құқығын таптағаны үшін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке жеке санкция салуды сұрайды.

Бұған дейін аштық жариялағандардың кейбірінің денсаулығы нашарлап, аштықты тоқтатуға мәжбүр болған.

Аштық жариялағандардың кейбірі (оның ішінде Нұржан Әбілдаев, Ерлан Файзуллаев та бар) осыған дейін ҚДТ мен "Көше партиясының" ісіне араласты деп айыпталып, бостандығы шектелген. Олар "саяси көзқарасымыз үшін қудаланып отырмыз" деп санайды.

Билік аштық акциясына реакция білдірмеді. Нұр-Сұлтан елде саяси қудалау барын мойындамайды.

XS
SM
MD
LG