Ссылки доступа

Түрік лицейлері желісінің басшысы Орхан Инандының әйелі Бішкек орталығында пикет өткізді


Қырғызстандағы "Сапат" халықаралық білім беру мекемесінің із-түссіз жоғалған президенті Орхан Инандының әйелі Рейхан Инанды 5 шілдеде Бішкек орталығында пикет өткізді.

Әлеуметтік желілерде жарияланған суреттер мен видеоларға қарағанда, жалғыз кісінің пикеті қырғыз үкіметі үйінің, сонымен бірге Жогорку Кенеш ғимаратының алдында өткен. Рейхан қолына "Орхан Инанды қайда?" деп жазылған плакат ұстап тұр. Оның адвокаты Таалайгүл Токтакунова видеоны Facebook'тегі парағына жариялады.

Бұның алдында Рейхан Инанды із-түссіз жоғалған күйеуін табуға көмектесуін сұрап, қырғыз президенті Садыр Жапаровқа үш мәрте үндеу жолдаған.

"Сапат" түрік білім мекемелерінің негізін қалаушы 53 жастағы Орхан Инанды 1995 жылдан бері Қырғызстанда тұрады. Ол 2012 жылы Қырғызстан азаматтығын алды.

1 маусымға қараған түні ол із-түссіз жоғалып кетті. Милиция кісі ұрлау оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады. Инандының жақтастары мен туыстары оны Түркияның арнайы қызметі ұрлап әкеткен болуы мүмкін деп отыр.

Ресми Анкара 2016 жылы Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынғандардың артында түрік оппозиционері Фетхуллах Гүлен мен оның "Хизмет" қозғалысы тұр деп есептейді. Түркия билігі бұл ұйымды ФЕТО деп атап, оны террористік ұйымға жатқызған.

XS
SM
MD
LG