Ссылки доступа

Ташкентте маскасыз жүрген 2 мың адамға айыппұл салынды


3 шілдеде Өзбекстанның бас қаласы Ташкентте карантин шектеулерін сақтамағаны және бетқапсыз жүргені үшін 964 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4 шілдеде тағы 985 адам осындай ереже бұзғаны үшін жазаланды.

Ташкент қалалық ішкі істер басқармасының мәліметіне қарағанда, бұдан тысқары карантин шектеулерін сақтамағаны үшін 3 шілдеде 4885 адамға, 4 шілдеде 4764 адамға ескерту берілді. Жексенбі күні карантин шектеулерін бұзған 11 заңдық тұлғаға да айыппұл салынды.

Өзбекстанның Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 54-бабына сәйкес, "қауіпті жұқпалы аурулар жайылып жатқан жағдайда арнайы органдардың талаптарына қарамастан, қоғамдық орындарда маскасыз жүргені үшін" 5 базалық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Бүгінгі күнде бұл сома 1 миллион 225 мың сумду (115 доллар) құрайды.

Осыған дейін эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағанына байланысты Арнайы республикалық комиссия Ташкентте 28 маусымнан 12 шілдеге дейін карантин шектеулерін күшейтуді қабылдағанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG