Ссылки доступа

Алматыда полиция "Демпартия" жақтастарын кеттлингке алды


Алматыда Абай мен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің қиылысында полиция қоршауында қалған "Демпартия" жақтастары полициямен қақтығысып, кемі үшеуін арнайы жасақ әкеткен. Тағы екеуі жарақаттанып, жедел-жәрдем шақыртылған.

Бұл туралы Азаттыққа "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбай айтты.

- Белсенділер кетлингте тұрғанына жеті сағат болды. Бір сағат бұрын арнайы жасақ қоршаудағы Ырысбек Тоқтасынды, Дәурен Достияров пен Уәлихан деген үш адамды күштеп, қарсылығына қарамастан алып кеткен. Қай полиция бөлімшесінде екенін анықтай алмай отырмыз, - дейді Инга Иманбай.

Оның сөзінше, тағы екі белсенді – Абзал Достияров пен Теміртас Ниғматуллаев жараланып, жедел-жәрдем шақыртылған.

- Жедел жәрдем келіп, "бас-миыңыз шайқалған болуы мүмкін, бізбен жүріңіз" деді. Бас тарттым. Жағым ауырып, тыныс алуым қиын болып тұр. Арнайы жасақ бізді қыспаққа алып, арамыздағы қарындас-әпкелерімізге күш көрсете бастағанда біз шыдамай қарсылық көрсеттік. Сол сәтте бізді жығып алып, тепкілей жөнелді. Абзалды да (Достияров) тепті, аяқ-қолы сырылған, жанымда тұр. Арамыздағы үшеуін де ұрып-соғып, алып кетті, - деді Теміртас Ниғматуллаев Азаттыққа.

Полиция департаменті бұл жайтқа байланысты ресми мәлімдеме жасамады.

"Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ жұртты 6 шілде – Астана күні әрі елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні – жұртты билікке қарсы бейбіт митингіге шақырған.

XS
SM
MD
LG