Ссылки доступа

Өзбекстанда мемлекеттік қызметкерлерді ашық онлайн-байқаумен жұмысқа қабылдайды


1 қыркүйектен бастап Өзбекстанда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлерін ашық онлайн-байқаумен жұмысқа қабылдайды. Президенттің жемқорлықпен күресуге арналған жаңа жарлығында осылай делінген.

Құжатқа сәйкес, 1 қазанға дейін жемқорлық, мүдделер қайшылығы негізінде жасалған деп танылған келісімдерді жарамсыз деп тану жөніндегі заң жобасы дайындалады.

Бұған қоса, 1 тамыздан бастап мемлекеттік сатып алу саласындағы тендерлердің нәтижесі ашық жарияланады. Тендерге қатысушыларды тексеру ісі жолға қойылады.

1 қазаннан бастап мемлекеттік органдар мен ұйымдардың барлығында ішкі жемқорлықпен күресетін мекемелер ашылады.

1 желтоқсаннан бастап қаржы полициясы жемқорлықпен күресу бағытында атқарылған жұмыстардың тиімділігін бағалап отырады.

1 желтоқсанға дейін табыс пен мүлік туралы декларациялар базасы жасақталады.

2022 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік қызметкерлер жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы курстарда оқиды.

XS
SM
MD
LG