Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасында әскерилер арасында атыс болды


Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 8 шілдеде қырғыз-тәжік шекарасында болған атысқа тәжік шекарашылары себепші болды деп хабарлады.

"Қырғызстан шекарашылары Лейлек ауданындағы шекара аймағында атпен кетіп бара жатқанда шабуылға тап болған. Нәтижесінде екі тараптан да оқ атылған. Зардап шеккендер туралы мәлімет анықталып жатыр", - деп жазылған мәліметте.

Шекара қызметінің Баткен облысындағы өкілі Кыялбек Төлөнбаев және өзге де күш қызметтерінің басшылары оқиға болған жерге барған. Екі тараптан да бұл оқиға тексеріліп жатыр.

Тәжікстанның ұлттық "Ховар" ақпарат агенттігі тәжік шекара қызметіне сілтеме жасап, оқиғаға қырғызстандық шекарашылардың заңсыз түрде Тәжікстан аумағына өтуге әрекеттенуі себеп болған деп жазған.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасында соңғы жылдары қарулы қақтығыс жиілеп кетті. Соңғы рет 28 сәуірден 1 мамырға созылған қарулы жанжалдан 36 қырғыз және 19 тәжік азаматы қайтыс болған. Екі тараптан 300-ге жуық адам зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG