Ссылки доступа

Түркімен билігі ауған шекарасына әскерилер мен дәрігерлер жіберді


Ашғабад. Түркіменстан астанасы.
Ашғабад. Түркіменстан астанасы.

Түркімен-ауған шекарасындағы ахуал ушыққан тұста Түркіменстан билігі ел арасында патриотизм туралы насихат жүргізе бастап, шекараға қосымша әскери күш тартып жатыр.

Мары және Лебап облыстарында билік жергілікті халықпен кездесіп, отанды сүю туралы дәріс оқып жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлық).

"Бізде соғыс жоқ, бейбіт өмір кешіп жатырмыз, бірақ соғыс бола қалса, түркімен халқы отаны үшін күресуге дайын" деп айтылып жатыр бұл кездесулерде.

Үгіт-насихат жұмыстары Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы күш алып, шекараға жақын аудандарды басып алып жатқан тұста жүргізіліп отыр.

Түркіменстанның мемлекеттік басылымдары ауған шекарасындағы жағдайдың ушыққаны туралы хабарлап жатқан жоқ.

Ал халық арасындағы кездесулерді ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкерлері жүргізіп жатыр.

Билік сондай-ақ шекараға жақын Серхетабад қаласына (бұрынғы Кушка) әскерилер мен дәрігерлер жіберіп, шекарадағы қауіпсіздікті күшейтуге тырысып отыр.

Азатлық тілшісі Түркіменстанның мемлекеттік шекара қызметіндегі сенімді дереккөзге сілтей отырып, ауған азаматтарының тәліптерден бас сауғалап түркімен аумағына өтіп жатқанын, бірақ шекарашылардың оларды кері қайтарып жатқанын айтады.

"Шекараны күшейту жұмыстарының жүріп жатқанына бірнеше ай болды. Шекараны кесіп, түркімен аумағына өтіп жатқандар кері қайтарылып жатыр. Маған шекараға қосымша әскери күш пен медқызметкерлер тартылып жатқанын айтты. Сондай-ақ Серхетабадқа полицейлерді де жіберіп жатыр. Егер кімде-кім жұмысында қателік жіберсе, оны 22 күнге Серхетабадқа жолдайды. Осы жағдайдан соң кей полицейлер жұмыстан шыққысы келеді, бірақ оларды жібермей отыр" дейді дереккөз.

Оның сөзінше, шекараға медқызметкерлерді 15-20 күнге жіберіп жатыр. Тіпті шекара аумағына жіберілетін медқызметкерлердің тізімі де жасалған.

Сенімді дереккөзден алынған тағы бір ақпаратқа қарағанда, түркімен-ауған шекарасына Мары-1 және Мары-2 әскери бөлімдерінен қосымша күштер жіберіліп жатыр. Олардың ішінде әскери офицерлер, тікұшақтар мен ұшақтар бар.

XS
SM
MD
LG