Ссылки доступа

Ақтөбеде бала зорланды деген мектептің басшылығы қызметінен уақытша шеттетілді


Ақтөбеде "7 жастағы ер бала жыныстық сипаттағы зорлық көрген болуы мүмкін" мектептің директоры мен басшының тәрбиеге жауапты орынбасары қызметінен уақытша шеттетілді.

"Тергеу сараптама қортындысын күтіп отыр, баланың жыныстық сипаттағы зорлық көргені расталса, мектеп басшыларына қолданылатын шара өзгереді" деді Азаттыққа Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Білім басқармасының дерегінше, биыл наурыз айының соңында 7 жастағы ұлдың әжесі мектеп әкімшілігіне "ересек балалар немеремнің құлағын бұрады" деп шағымданған. Араға екі күн салып, ол полицияға немересінің мектепте зорланғанын айтты.

Бұл жағдай жұртқа жария болғаннан кейін білім және ғылым министрлігі бала құқығын қорғау комитетінің басшысы Есенғазы Иманғалиев Ақтөбеге барып, оқушының ата-анасымен кездескен.

"Ақтөбе облысы әкімдігінің білім басқармасы Білім және ғылым министрлігіне оқушының ата-анасының өтініші туралы уақтылы хабарламады. Мектеп әкімшілігі қажет жұмысты жүргізбей, туыстарының үндеуіне тиісті назар аудармаған.

Әкімдіктер жанындағы барлық білім басқармасы мектептерде не болып жатқанын бақылауда ұстауға және өңірлерде не болып жатқанын білуге тиіс. Мектепте әр бала үшін ыңғайлы болатын жағдай жасау керек" деді шенеунік.

Оқушымен бірнеше күннен бері білім саласына қатысы жоқ тәуелсіз психолог жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбе полициясы бұл дерек бойынша қылмыстық "Сексуалдық сипаттағы зорлық зомбылық әрекеттері" бабымен (Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-тармағы) қылмыстық іс қозғаған. Күдікке 9-сыныпта оқитын төрт оқушы ілінген.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегінше, биыл төрт айда "Кәмелет жасына толмағандарға жыныстық сипаттағы әрекет жасау" бабы бойынша 112 іс (былтыр – 227), "Балаларды азғындық жолға түсірді" бабы бойынша 69 іс (былтыр 12 айда 115 іс), "Жыныстық зорлық-зомбылық жасау" бабы бойынша 161 іс (2020 жылы – 332) тіркелген.

XS
SM
MD
LG