Ссылки доступа

Қырғызстанның үш қаласында қалалық кеңеске қайта сайлау өтті


Қырғызстанда өткен жексенбіде Бішкек, Ош және Токмок қалаларында қалалық кеңеске қайтадан сайлау өтті. Сайлауға жалпы 188 396 адам қатысып, көрсеткіш 30,51% құраған. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы автоматты дауыс беру қорытындысына сәйкес жариялады.

Үш қалада 617 мың 517 сайлаушы бар. Олардың 427 мыңдайы Бішкекте, 153 мыңға жуығы Ошта, 38 мыңнан астамы Токмокта.

Токмок қаласында қатысу 44,5% құрады. Ошта 43,6%, Бішкекте 24,5% болды.

11 шілдеде Бішкек, Ош, Токмок қалалық кеңестеріне сайлау өтіп, 26 партиядан 2200-ден көп талапкер ат салысты. Бастапқы есепке сәйкес, Бішкекте 18 партиядан алты, Ошта сегіз партиядан төрт, Токмокта алты партиядан бесеуі ұтты. Алайда бұл есеп жалпы қорытынды кезінде өзгеруі мүмкін.

Бішкек пен Ошта 45, Токмокта 31 мандат бар.

Бақылаушылар айтуынша, сайлау барысында дауыс сатып алу секілді заң бұзулар болған, милицияға бірқатар арыз түскен.

Қырғызстанда 11 сәуірде жергілікті және қалалық кеңестерге сайлау өткен. Аталған үш қалада заң бұзулардан соң, сайлау қорытындысы жойылып, 11 шілдеге қайта сайлау жарияланған.

XS
SM
MD
LG