Ссылки доступа

Тәжік адвокаты "биліктен қуғын көрдім" деп елінен қашып кетті


Нусратулло Мирзоев
Нусратулло Мирзоев

Тәжікстандық адвокат, "Азаматтардың еркіндігі кеңсесі" қоғамдық ұйымының қызметкері Нусратулло Мирзоев билік тарапынан көрген қысымнан кейін елінен қашқанын мәлімдеді.

Ол қазір постсоветтік елдердің бірінде тұрып жатқанын, бірақ жеке басының қауіпсіздігі үшін қай ел екенін айта алмайтынын жеткізді.

"Хатлон облысы ішкі істер органдары мен прокуратура қысымынан кейін елден қашып кетті. Олар мені әлеуметтік желілерде ашық пікірімді білдіруді тоқтатуымды талап етіп, бірқатар істерге килікпеуді ескертті", - деді ол.

Мирзоев Тәжікстанда адам құқықтарын қорғап, адвокат болып жұмыс істеу өте ауыр екенін айтып, болашақта жағдай жақсарса, еліне оралатынын мәлімдеді.

Облыстық ішкі істер басқармасы мен прокуратурасы адвокатқа қысым болғанын терістейді.

"Облыста күн сайын 100-ге жуық іс қаралады. Оларға ондаған адвокат тартылады. Ешкім олардың қолынан қақпайды. Егер бәрі Мирзоев айтқандай болса, ол жоғарғы инстанцияларға арыздануы керек", - деді облыстық милиция бөлімінің аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкері.

Былтыр Amnesty International халықаралық ұйымы адвокаттар туралы арнайы баяндама жариялап, Тәжікстанда адвокаттар кәсіби міндетін атқаруда кедергілерге тап болып жатқанын атап өткен.

Тәжікстанда 2015 жылы белгілі адвокат Бузургмехр Ёров алаяқтық және жалған құжат жасаумен айналысты деген айыппен 28 жылға бас бостандығынан айырылған. 2019 жылы рақымшылық заңына сәйкес, жазасы алты жылға қысқарды.

Осыған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары тәжік билігінен бірнеше рет Ёровты бостандыққа шығаруды талап еткен.

XS
SM
MD
LG