Ссылки доступа

Грузияда журналистер премьердің отставкасын талап етіп жатыр


Грузия астанасы Тбилисиде өткен жексенбіде 37 жастағы телеоператор Лексо Лашкаравтың өлімінен кейін жаппай наразылық шарасы басталды. Ол 5 шілдеде гей-парад кезінде ЛГБТ қауымдастығына қарсылар тарапынан шабуылға ұшыраған.

Еуропалық одақ пен АҚШ Грузия билігін журналистерге шабуыл жасағандарды анықтап, тергеу ісін әділ жүргізуге шақырған.

Грузиядағы АҚШ елшілігі журналистерге шабуыл жасағандардың бәрін қамауға алуға шақырған.

"Әрбір грузин журналисінің қауіпсіздігі мен демократияға сенім болуы үшін бейбіт тұрғындарға және журналистерге шабуыл жасағандар заң аясында міндетті түрде жауапкершілікке тартылып, жазасын алуы керек" деп мәлімдеді АҚШ елшілігі.

Гей-парад өту жоспарланған 5 шілдеде радикалды топтар журналистерге шабуыл жасады. Осыдан кейін марш өтпей қалды. Кемінде 50 БАҚ өкілі зардап шекті.

Азаттықтың грузин қызметінің хабарлауынша, сол шабуылдан Лашкарав зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған. Оған ота жасалынып, үш күннен кейін, үйіне шығарылған. Бірақ жексенбі күні пәтерінде өлі күйінде табылды.

Ел премьер-министрі Ираклий Гарибашвили бұл оқиғаны "адам сенгісіз трагедия" деп атады.

Журналистердің айтуынша, 5 шілдеде өтуі тиіс марш алдында ел президенті ЛГБТ маршына қарсы мәлімдеме жасаған.

XS
SM
MD
LG