Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, олар құқық қорғау органдарына хабарласқан, бірақ кейін Нигина мен оны ұрған жігіт "татуласу хатын" жазған.
Ташкенттің трансгендер Нигина алаяқтық жасап, есірткі сақтағаны үшін үш жылға сотталған, 22 маусымда үйқамаққа шыққан.
– 7 шілдеде Нигинаның пәтеріне бір жігіт келіп, одан ақша талап еткен. Нигина ол жігітпен сол күні телефонмен танысқанын айтты. Жігіт оған: "Ақша бермесең, басқаша сөйлесеміз", деп қорқытқан. Нигина оған ақша бермеген. Жігіт оның басынан үтікпен ұрып, шашынан сүйреп пәтерден шығарған", – дейді Нигинаның жақындары.
Куәгерлердің айтуынша, көршілері оған араша түскен. "Айқайды естіген көршілер далаға шықты. Осы кезде Нигинаның бірнеше танысы да келді. Нигинаны ұрған жігіт қашып кетті", - деді куәгерлердің бірі.
Сол күні жәбірленушінің таныстары милицияға хабарласқан.
– Біз кісіні ұрып кеткенін айттық. Бірақ кейін милиция Нигинаны оны ұрған жігітпен "татуластырмақ" болды. Екеуі де бір-біріне өкпесі жоғын жазған. Нигина милиция қызметкерлерінен қатты қорқады, сол себепті оны ұрған жігітпен татуласуға мәжбүр болды. "Милицияға барғанша, өз пәтерімде таяқ жегенім артық", деді сол күні Нигина. Милицияда оны үнемі мазақтайды, – дейді трансгендердің бір танысы.
Аудандық милицияның хабарлауынша, бұл іс 10 шілдеде тараптардың татуласуына байланысты тоқтаған.
Нигинаның жақындарының бірі оған әдейі шабуыл ұйымдастырылған деп болжайды.
– Әдейі ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Бұны кім жасағанын білмеймін. Нигинаға шабуыл жасаған жігіт спортпен шұғылданады. Сол күні оны тоқтатуға ешкімнің күші жетпеді.
Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары ЛГБТ өкілдері Өзбекстанда гомофобия мен зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген.
Өткен айда "Миллий тикланиш" ("Ұлттың өркендеуі") партиясының жетекшісі, Олий Мажлис депутаты Әлішер Қадыров Alter Ego YouTube-арнасына сұқбатында ЛГБТ өкілдерін азаматтықтан айырып, елден депортациялау керек деп мәлімдеген.