33 жастағы граффити-суретші Әбдірахмон медициналық маска таққан Мона Лиза суретін былтыр мамырда Little Harvard School мектеп-балабақша орналасқан ғимараттың бір қабырғасына салған.
Хабарларға қарағанда, суретті Little Harvard School жекеменшік мектептің басшылығы суреттің үстінен бояп тастады. Әбдірахмонның айтуынша, жұмыс мекеме басшылығының рұқсатымен салынған.
Биыл 25 маусымда белгісіз біреу "Маска таққан Мона Лизаның" басына мүйіз салып, ал кеуде тұсына "666" цифрын жазып кеткен.
"Мен оны ертесіне өшіріп, суретті дұрыстап қойдым. Бірақ балабақша әкімшілігі "Мона Лизаны" толықтай өшіріп тастады. Өкінішке орай, олар өнерді түсінбейді", - дейді суретші.
Little Harvard School директоры Шахида Исроилқызы "мекеме жастар суретке түсетін орынға айналғанын" айтты.
"Біздің жастардың рухани ұстанымдарына қайшы келетін киім киген қыздар мен жігіттер сол суреттің алдында суретке түсіп, телефон нөмірлерін қалдырып, кездесу белгілеген. Сол себепті біз Мона Лиза суретін өшіруді жөн көрдік. Біз Леонардо да Винчи мен оның жұмысына қарсы емеспіз. Біз Мона Лиза төңірегіндегі дауға қарсымыз", - деді мекеме басшысы.
Мектеп директоры өнертанушы екенін, бейнелеу өнері оны қызықтыратынын айтты.
"Өнертанушы осылай деп отыр ма? Сурет әдемі болса, оны неге өшіреді? Адамдар оны көру үшін әдейі келсе, өнертанушы оны өшіріп тастайды. Парадокс", - деп басын шайқады суретші.
Бұның алдында бірнеше діндар Ташкент қаласындағы кітапханаларды аралап, Ислам өркениеті орталығының қызметкері Аброр Абдуазимов "Леонардо да Винчи мен Рембрандт секілді суретшілер өзбек халқына жат" деп мәлімдеген.