Ссылки доступа

Қызылорда облысы Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды


Қызылорда облысы Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, төтенше жағдай 13 шілдеден бастап күшіне енген.

Сейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова кезектен тыс отырыс кезінде Арал ауданындағы қуаңшылықтың салдарынан биыл 559 ірі қара мал өлгенін айтты.

"Бірінші кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымаларын қазу керек, жайылымдық және шабындық жерлерді суғару үшін арналар тазаланып, су бөгеттері салынуы керек. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің Бұрмақұлақ арнасын бөгеп, Аспай су таратқышын іске қосу арқылы, Ақшатау-Қамбаш көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жоғарыда аталған жұмыстардың ірі көлемдегі қаржыны қажет етуіне байланысты республика бюджетінен қаржы бөлу жөнінде үкіметке хат жолданды" деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қуаңшылыққа байланысты Арал ауданындағы елді мекендер үш аймаққа бөлінген: "қызыл", "сары" және "жасыл". Қазір "қызыл аймақта" – 13, "сары аймақта" – 6, "жасыл аймақта" 4 елді мекен тұр. Аудандағы 205 мыңнан астам ірі қараға 184 мың тонна жем-шөп керек. Әзірге 2190 тонна ғана жем-шөп жеткізілген. Еріктілерден 14 жасақ құрылып, шөп ору науқанына кіріскен.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтің айтуынша, ауданда ауыл тұрғындарының көмегімен суаттар мен өзен жағалауларында кезекшілік ұйымдастырылған.

Ресми ақпаратқа қарағанда, алдағы уақытта су насостары мен арнайы техникаларды сатып алу, құдық қазу, ауылдарды жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында тасымалдауға қажетті жанар-жағармай шығынын өтеу жұмыстары жүзеге асырылады.

Биыл Маңғыстау мен Қызылорда облыстарын құрғақшылық дендеген. Соның салдарынан екі облыста жылқы, ірі қара мал қырылып, шаруалар биліктен жем-шөппен көмектесуді сұраған. Олар үкімет тез арада көмек бермесе, малдар жаппай қырылайын деп тұр деп ескерткен. Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты сөгіп, қызметінен босатқан.

XS
SM
MD
LG