Ссылки доступа

Қырғыз парламентінде Ауғанстаннан босып келген қырғыздарға көмек мәселесі сөз болды


Жогорку Кенештің 15 шілдедегі отырысында депутат Бейшеналы Нурдинов Ауғанстаннан Тәжікстанға босып келген этникалық қырғыздарға көмек беруді ұсынды.

"Олар тәліптерден қашып келді, баспана іздейді. Осы мәселені үкімет, президент деңгейінде көтеру керек. Біз оларға көмектесіп, Қырғызстанға көшіріп ала аламыз ба? Осы мәселені талқылап, көмек көрсету керек деп ойлаймын", - деді депутат.

Тәжікстанның шекара әскерінің мәліметінше, 13-14 шілдеде Ауғанстаннан 345 этникалық қырғыз "Талибан" содырларынан қашып, Тәжікстан аумағына өткен. 91 ер азамат, 77 әйел және 177 кәмелет жасқа болмаған бала Ауғанстанның Вахон уезіндегі Андемин ауылынан келген. Олар Тәжікстандағы Чоштеппа мен Дуютук қышлақтарына орналастырылды.

"Талибан" қозғалысы бірнеше аптаның ішінде ондаған ауданды үкімет күштерінен тартып алды. АҚШ басқаратын халықаралық күштер Ауғанстандағы әскерін әкете бастағанда, қозғалыс содырлары жаңа аудандарды басып алып жатыр.

XS
SM
MD
LG