Ссылки доступа

"Демпартия" белсендісі Абзал Достияров изоляторда аштық жариялады


Бір күн бұрын әкімшілік қамауға алынған "Демпартия" белсендісі Абзал Достияров изоляторда аштық жариялады. Бұл туралы 15 шілдеде адвокат Жанар Балғабаева хабарлады.

"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың Facebook-тағы тікелей эфирі кезінде адвокат бейсенбі күні белсендіге кіріп шыққанын, оның қысымға шағымданғанын айтты.

– Қазір ғана Абзал аштық жариялайтынын мәлімдеп, ресми түрде өтініш берді. Кешеден бері аштық ұстаған. Ол жалғыз адамдық камераға ауыстырылуы мүмкін. Бүгін қысқа апелляциялық шағым түсірді, – деді Жанар Балғабаева.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, уақытша қамау изоляторында Достияровқа "қысым жасалған". Жанболат Мамай тікелей эфир кезінде оның арызын оқып берді. Онда арыз иесі 14 шілде күнгі ұстау кезінде полицейлердің өзін қылқындырып, күш көрсеткенін жазған. Бұған қоса, изоляторда қысым мен қоқан-лоқыға ұшырағанын, медициналық көмектің көрсетілмегенін айтқан.

"Осыған қарсылық ретінде 15 шілдеден бастап аштық жариялайтынымды изолятор басшылығына және кезекші прокурорға ескерттім" делінген хатта.

Адвокаттың ақпаратына қарағанда, сәрсенбі күні оны қалалық ауруханаға жеткізіп, медициналық тексеруден өткізген. Нәтижесінде "миы шайқалғаны" және "тізесін ауыртып алғаны" анықталған. "Қазір толық ақпаратты анықтап жатырмыз" деді Жанар Балғабаева.

Оның айтуынша, Достияров сәрсенбі күні өзін ұстаған полиция қызметкерлерін танитынын және олардың үстінен шағым түсіретінін жеткізген.

Азаттық тілшісі әзірге полициядан ақпарат ала алмады.

14 шілдеде Абзал Достияров пен тағы бір белсенді Әлімжан Ізбасаров "қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, жеке тұлғаны қорлағаны" үшін әрқайсысы 6 күнге қамалған еді. Оларға тағылған айып 6 шілде күнгі "Демпартия" акциясымен байланысты. Балғабаеваның айтуынша, Достияров өзіне тағылған айыптарды мойындамаса да, сот қаулысында "айыпты жартылай мойындады" деп жазып жіберген. Жақын арада бұл іске байланысты апелляциялық сот отырысы өтуі мүмкін.

6 шілде – астана күні (бұл мереке елдің экс-президенті, билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс тойланады). "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрғысы келетін бастамашыл топ қымбатшылыққа, "Қытай жобаларына", билікке қарсы бейбіт митингіге шыққан. Сол күні оларды арнайы жасап шамамен он сағат бойы кеттлингте ұстап тұрған. Полиция мен белсенділер арасында кішігірім жанжал болып, бірнеше белсенді жедел-жәрдем шақырған. Екі белсенді әкімшілік қамауға алынды.

XS
SM
MD
LG