Ссылки доступа

"Саяси тұтқын" Ержан Елшібаевтың өзін жарақаттап, түнде операция жасалғаны хабарланды


Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан "саяси тұтқын" Ержан Елшібаев қарсылық ретінде өзін жарақаттаған. 16 шілдеге қараған түні ауруханада оның асқазанына операция жасалды. Бұл туралы қызылордалық белсенділер хабарлады.

Белсенді Мұратбек Баймағамбетовтың айтуынша, маусым айының соңында түрме әкімшілігі Елшібаевты "бурбарак" деп аталатын тәртібі қатаң баракқа "режимді қасақана бұзушы" ретінде қамаған. Белсенді "құзырлы органдардың қитұрқы әрекеті" оны өз-өзіне қол салуға итермелеген болуы мүмкін деп топшылайды.

– Негізі адамның өзіне қол салуы оңай нәрсе емес қой. Әбден ашынған адам ғана оған амалсыздан барады. Негізі кеше оның мерзімінен бұрын босату жөнінде өтініші қаралуы тиіс еді. Қаралғаны-қаралмағаны белгісіз. Енді сол құзырлы органдардың қитұрқы әрекеттері оны мәжбүрлі түрде өзіне қол салуға итермелеп отыр, - дейді ол.

Ақпаратқа қарағанда, онымен бірге тағы бір сотталушы да "түрме әкімшілігінің заңсыз әрекеттеріне қарсылық ретінде" өзіне қол салған. Қазір олардың жағдайы белгісіз.

Азаттық тілшісі 16 шілдеде таңертең түрмеге хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаментінің баспасөз хатшысы Дана Досанованың телефоны жұма күні таңертең сөндірулі тұрды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісінде омбудсмен Эльвира Әзімованы дереу Ержан Елшібаев отырған түрмеге кіріп шығуға үндеді.

Бір апта бұрын да Елшібаев тәуелсіз басылымдарды беруден бас тартқан түрме әкімшілігінің әрекетіне қарсылық ретінде қолын тіккен еді. Сол кезде Қызылорда облысының ҚАЖД әуелі ақпаратты терістеп, артынша растаған. Департамент сол кезде Елшібаевтың тәртібін "нашар", мінез-құлқын "теріс" деп сипаттаған.

Ержан Елшібаев – Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін көтерген белсенді. 2019 жылы қазан айында Жаңаөзен соты оны 5 жылға бас бостандығынан айырған.

Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, жақтастары істің саяси астары бар деп санайды. Елшібаевтың ісін сараптаған құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп атаған.

Биыл маусым айында БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевты түрмеге заңсыз қамады деген қорытынды жасап, оны дереу босатуға шақырған еді. Бірақ биліктен бұған реакция болмады.

Бұған дейін Елшібаев түрмеде өзіне қысым көрсетілгенін бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG