Ссылки доступа

Тоқаев және басқалар. OCCRP телефоны тыңдалуы мүмкін деген адамдар тізімін жаңартты


20 шілдеде жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus тыңшылық тізімінің Қазақстанға қатысты бөлігін жаңартты. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кірді.

Әу баста тізімде екі журналист және үш қоғам белсендісі – барлығы бес адам болған. Дегенмен орталық Қазақстан тізімінде 2 мыңдай нөмір бар екенін ескерткен.

17 үкіметтік емес ұйымның басын қосатын Pegasus Project жобасы израильдік NSO Group компаниясы әзірлеген тыңшы бағдарламасы негізінде түрлі телефон нөмірлерін бұзып кіру (немесе соған талпыну) әрекеттерін зерттеді. Мұндай тапсырысты түрлі үкіметтер берген. Жоба әшкерелеуші материалдарды 18 шілдеде жариялай бастады. Қазір бұл тізімге Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстағы 14 елдің басшысы кіреді, олардың арасында Қазақстан президентімен қоса Франция президенті Эммануэль Макрон, Марокко патшасы Мұхаммед VI және Мексика президенті бар.

OCCRP-дың тұжырымы бойынша, ықпалды адамдарды "бәсекелес елдер" не "қызығушы көршілер" нысанаға алған, ал "Қазақстанның іс басындағы президенті мен премьер-министрін өз елдері нысанаға алса керек".

Орталықтың пресс-релизіндегі мәлімет бойынша, Тоқаев "режимдегі нөмірі екінші адам болған кезінде [нысана ретінде] таңдалған" (Тоқаев 2013 жылғы қазаннан 2019 жылғы наурызға дейін Қазақстан сенатының төрағасы қызметін атқарған, яғни елдегі екінші лауазымды тұлға болған). Пресс-релизде авторлар "[нысана ретінде] таңдау 2017-18 жылдары жүргеніне" назар аударады.

OCCRP-дың тұжырымы бойынша, "осы және Қазақстан Pegasus бағдарламасын қолданды деген мұның алдындағы мәліметтегі Қазақстанның телефон нөмірлерін кластерлеу нәтижесінде Pegasus Project журналистері бақылау жүйесін қолданған – Қазақстан мемлекеті болуы мүмкін деген қорытынды жасаған".

Елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда отставка кететінін мәлімдеп, оның орнына сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келді. Президент міндетін атқаруға кіріскен Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шақырды, сол жылы маусым айында өткен сайлауда Тоқаев жеңіске жетті. Халықаралық бақылаушылар сайлау демократия талаптарына сай өтпегенін айтты.

Асқар Мамин 2019 жылғы ақпан айынан бері премьер-министр қызметін атқарады. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде қызметке тағайындаған ол Тоқаев келген соң да орнында қалды. Мұның алдында ол бірінші вице-премьер, ұлттық компания басшысы және Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласының әкімі қызметтерін атқарды.

Бақытжан Сағынтаевты 2019 жылғы маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі етіп тағайындаған. Мұның алдында ол 2016-2019 жылдары премьер-министр қызметін атқарған. OCCRP болжамы бойынша, Сағынтаев 2018 жылы тыңшы нысанасына іліккен.

"Бұл тізімге кіргендердің телефондарына бұзып кірді деп кесіп айта алмаймыз, бірақ оларға NSO Group-тың (Pegasus тыңшы бағдарламасын әзірлеуші) клиенті болуы әбден ықтимал Қазақстан үкіметі қызығушылық танытқан болуы мүмкін деп болжай аламыз" делінген орталық жариялаған есепте.

OCCRP ақпараты бойынша, оннан аса елде 200-ге тарта журналист пен белсендіні аңдыған. Қазақстаннан бөлек, Pegasus қызметін Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері пайдаланған.

Pegasus тыңшы бағдарламасы қарапайым хабарлама арқылы "аңдылатын" адамның телефонына кіріп, оның жеке мәліметтерін ұрлайды, қажетіне қарай микрофон мен камераны қосады.

XS
SM
MD
LG