Ссылки доступа

Өзбекстандағы оппозициялық партия жақтастары: Әкесі қамауда отыр, ұлы бостандыққа шықты


Профессор Хидирназар Аллакулов со своими сторонниками.

Ташкент облысы Чиназ ауданында бір оппозициялық белсенді он күн әкімшілік жазасын өтеп жатыр. Оның ұлы биыл сәуірде он күн қамауда болған.

Сот үкіміне сәйкес, белсендінің ұлы ішкі істер органдары өкілдерінің заңды талаптарын орындамай, оларға қарсылық көрсетті деп танылған.

Әкімшілік жазасын өтеп шыққан ұлдың айтуынша, әкесі қазір дәл осындай айыппен қамауда отыр.

Тіркелмеген "Хакикат ва Тараккиёт" ("Ақиқат пен Даму") оппозициялық партиясының жетекшісі Хидирназар Аллакуловтың айтуынша, әке мен бала партияға мүше болғаны үшін қудаланған.

29 жастағы Аброр Атажановтың айтуынша, оның 52 жастағы әкесі Ахрор Махмудовқа әкімшілік жаза тағайындалуына биыл 9 шілдеде Чиназ милициясы маңындағы оқиға себеп болды.

Аудандағы блогер Зафар Саидахмедов 8 шілдеде жергілікті милицияға барып, сол күйі үйге оралмаған. Анасы Шахло Журабекова баласын іздеп таппаған.

– Ертесіне мен жақындарыммен бірге милицияға бардым. Арасында Ахрор Махмудов та болды. Бірақ бізді ішке кіргізбеді. Сол кезде жерден екі тас алып, қақпаға лақтырдық. Сосын аулаға лақтырдық. Осы сәтте Ахрор-ака бұның бәрін видеоға түсіріп тұрған. Кейін оны қамап қойды деп естідім, – дейді Шахло Журабекова.

Оның айтуынша, блогер ұлын әлеуметтік желілердегі сыни жазбалары үшін қамаған.

Оппозициялық партия жетекшісі Хидирназар Аллакулов партия белсенділерін қудалау жүріп жатыр дейді.

– 19 шілдеде Ахрор Махмудов ісі бойынша апелляциялық сот отырысы өтті. Сот үкімі өзгеріссіз қалды. Сол күні блогер Озодбек Курбанов ісі бойынша апелляциялық сот өтті. Оны да 15 күндік қамаудан босатпады. Сот жабық өтті. Сотталушыларды алып келмеді. Бізді ішке кіргізбеді. Бұның бәрі Сталин заманы кезіндегі үштік сотқа ұқсайды, – дейді Хидирназар Аллакулов.

Еске салайық, биыл 21 маусымда Әділет министрлігі "Хакикат ва Тараккиёт" социал-демократиялық партиясын тіркеуден бас тартты. Партияға кіргізі келетіндер тізімі толық емес деп айтылған.

Өзбекстанда президент сайлауы биыл 24 қазанда өтеді.

Хидирназар Аллакулов сайлауға түскісі келетінін былтыр маусымда жариялаған.

XS
SM
MD
LG