Ссылки доступа

Франция парламенті санитарлық рұқсат қағазын бекітті


Санитарлық рұқсат қағазының енгізілуіне қарсы акция, Париж, 17 шілде, 2021 жыл

Францияда парламенттің екі палатасы – Сенат пен Ұлттық ассамблея – санитарлық рұқсат қағаз енгізу жөніндегі заңды бекітті.

Құжат медицина қызметкерлерін вакцина салдыруға міндеттейді, сонымен бірге санитарлық рұқсат қағазының "өкілетін" кеңейтеді. Сенатты бақылайтын оппозиция өкілдері заң жобасына ережелерді біршама жұмсартатын түзетулер енгізді. Атап айтқанда, санитарлық рұқсат қағазының күшіне ену мерзімі 15 қыркүйекке дейін шегерілді.

Сенаторлардың пікірінше, дәмхана мен мейрамханалардың сырттағы орындарына отыру үшін және супермаркеттерге кіру үшін рұқсат қағаздың қажеті жоқ. Кәмелет жасқа толмағандардың да санитарлық рұқсат қағазын алуы шарт емес.

Президент Эммануэль Макронның жақтастары бақылайтын парламенттің төменгі палатасы – Ұлттық жиын заң жобасын енді қайта қарастырады. Олар сенаторлардың пікірімен келіспей, қатаң ережелерді қалпына келтіруі мүмкін.

Санитарлық рұқсат қағазында вакцина, ПТР тест немесе антидене жөнінде ақпарат болады. Үкімет пен заң шығарушы органның пікірінше, Франция тұрғындары бұл құжатсыз қоғамдық орындарға бара алмауы тиіс. Қазірдің өзінде елде кинотеатр, театр, музейлерге кіру үшін осындай рұқсат қағазы қажет.

Кейінгі кезде Францияда коронавирус жұқтырғандар көбейді. Билік вакциналауды жылдамдатуға күш салып жатыр.

Әлеуметтік сауалнама француздардың басым бөлігінің шектеу шараларын қолдайтынын көрсеткенмен биліктің ұсыныстары қоғамда өткір реакция туғызды. Сенбі күні Париж бен өзге қалаларда санитарлық рұқсат қағазы мен міндетті вакцинаға қарсы наразылық өтті. Оған ресми мәлімет бойынша, 160 мыңнан астам адам қатысты.

Парижде наразылар полициямен қақтығысып қалды. Президент Макрон наразылыққа қатысушыларды өзімшілдік көрсетті, жауапсыз қылық танытты деп өткір айыптады. Ол вакцинаны індетпен күресудің ең тиімді амалы деп атады.

Еуропаның өзге қалаларында да шектеу шараларына қарсы азаматтар сенбі күні наразылыққа шықты.

XS
SM
MD
LG