Ссылки доступа

Ташкенттегі 1999 жылғы жарылыстар бойынша сотталған бес адам ақталды


Ташкент облысының Қылмыстық істер бойынша соты 1999 жылы ақпанда Өзбекстанның бас қаласында болған бірнеше теракт бойынша сотталған бұрынғы бес кеден қызметкерін ақтап, оларды реабилитациялады.

1999 жылы маусымда "Гишт куприк" кеден бекетінің бес бас маманы "Биліктің әрекетсіздігі" бабы бойынша үш жылға сотталған.

Олар аталған бекет арқылы көлік пен адамдарды өткізбеу туралы бұйрықты орындамады деп айыпталған. Тергеу мәліметіне қарағанда, Ташкентте бірнеше жарылыс жасаған діни-экстремистік қозғалыс мүшелері "Гишт куприк" кеден бекеті арқылы қашып кеткен.

Осы іс бойынша сотталған Ёлкин Камалов, Мухаммадзахир Хожаев, Иброхим Юнусов, Бахтиёр Бегматов және Искандар Буриев атты кеденшілер 1999 жылы сәуірдің аяғында президент жарлығымен жарияланған рақымшылық аясында бостандыққа шыққан.

Олар сот шешіміне қарсы апелляциялық арыз жазып, іс Ташкент облыстық сотында қарала бастаған. Биыл 24 шілдеде сот аудандық соттың айыптау үкімін жойды.

1999 жылдың 16 ақпанында Ташкент қаласында бірнеше қатты жарылыс болды. Онда 16 адам көз жұмып, жүзден астам адам жарақат алған. Сол кезде елді басқарып тұрған Ислам Каримов діни экстремистер ұйымдастырған бұл теракт оның өміріне жасалған қастандық деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG