Ссылки доступа

Өзбекстан ауған босқындарына лагерь салынды деген мәліметті терістеді


Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне қарасты Шекара әскері Ауғанстанмен шекарада босқындарға арналған палатка лагерь салынады деген мәліметті жоққа шығарды.

Шілденің басында Eurasianet басылымы Өзбекстанның Сұрқандария облысында Ауғанстаннан келетін босқындарға арнап палатка қалашық салынды деп хабарлаған.

Шекара әскерінің мәліметі бойынша, биыл Ауғанстаннан бір де бір босқын Өзбекстан шекарасын кесіп өтпеген.

"Мемлекет шекарасын бұзғандар ұсталды. Оларға Өзбекстан заңдарына сай жаза қолданылды", - делінген шекара әскері басшысының орынбасары қол қойған хатта.

Бұның алдында Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі 23 маусымда Ауғанстаннан Өзбекстанға қару ұстаған 53 жауынгер өткенін хабарлаған. Кейін, 27 маусымда тағы 44 ауған әскері Өзбекстан шекарасын бұзғаны мәлім болды.

Шекара әскері 23-30 маусым аралығында барлығы 150-ге жуық ауған сарбазы ұсталғанын растады. Олардың бәрі кейін елге оралған.

XS
SM
MD
LG