Ссылки доступа

Қамаудағы қырғыз саясаткері Жениш Молдокматов аштық жариялады


Қырғызстанда қамауда отырған саясаткер Жениш Молдокматов 26 шілдеден бастап аштық жариялаған. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметіне оппозиционердің көмекшісі, "Тұран" партиясының мүшесі Эрлан Бекчоро уулу хабарлады.

Оның айтуынша, 26 шілдеде Жениш Молдокматовқа "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген күдікке ілінгені хабарланған. Үстінен тағы бір қылмыстық істің қозғалғанына келіспеген саясаткер аштық жариялаған.

Эрлан Бекчоро уулуның айтуынша, 26 шілдеде ол қамаудағы саясаткермен сөйлескен. Жениш Молдокматов тергеу хаттамасына, сонымен бірге күдікке ілінгені туралы хабарламаға да қол қоймаған.

Жениш Молдокматов биыл 6 мамырда ұсталды. Ішкі істер министрлігі оны "Ғимаратты басып алды" деген күдікпен қамауға алды. 1 шілдеде 1-май аудандық соты саясаткерді 6 қыркүйекке дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

Саясаткер бұның бәрін президент Садыр Жапаров шешімдерін сынағаны үшін болып жатқан саяси қудалау деп түсінеді.

Жениш Молдокматов 2010-жылдары белсенді ретінде танылды. Кейін "Замандаш" партиясын басқарып, 2020 жылы парламент сайлауына қатысты. Биыл жыл басында ол "Замандаштан" кетіп, "Тұран" саяси ұйымының жетекшісі атанды.

XS
SM
MD
LG