Ссылки доступа

Министрлік "Медиазонадан" Назарбаевтың "Джокерге ұқсас" суретін өшіруді талап етті (видео)


Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Медиазона. Орталық Азия" сайтынан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Джокерге ұқсас" суретін өшіруді талап етті. Бұл туралы басылымның өзі хабарлады.

Министрлік Қылмыстық кодекстің 373-бабы ("Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық") бойынша қылмыстық жауапкершілікті еске салған.

"Медиазона" суретті өшірмеген, тек оны бұлыңғырлап қойған.

Ақпаратқа қарағанда, редакцияға министрліктен ескерту 22 шілдеде түскен. Ведомство мұндай әрекет үшін айыппұл, түзету жұмысы, бостандықты шектеу немесе түрмесі жазасы қарастырылғанын ескерткен.

Шілде айының басында Алматыда белгісіз біреулер бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған муралды өзгертіп, оны DC Comics-тің зұлым кейіпкерлерінің бірі Джокерге ұқсатып бояп тастаған еді. Көп ұзамай мурал палаткамен жабылып, кейін сырланды.

Алматының Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы гараж қабырғасына салынған "Елбасы муралы" бұған дейін талай рет өзгеріске түскен. Мамыр айында муралда "Cancel" сөзі пайда болған кезде суретті жариялаған The Village Kazakhstan сайты да министрліктен ескерту алған. Сайт суретті бұлыңғыр етіп қойған.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурыз айында отставкаға кеткен, алайда саяси ықпалын сақтап қалды.

XS
SM
MD
LG