Ссылки доступа

Жаңаөзенде ереуілге шыққан жұмысшылар талаптары орындалмаса, жарықты сөндіретінін ескертті


Жаңаөзенде "Өзенэнергосервис" кәсіпорнының жұмысшылары жалақыны екі есеге өсіруді талап етіп, ереуілдеп жатыр. Бұл туралы кәсіпорын жұмысшыларының интернетте жариялаған видеомәлімдемесіне сүйенген Lada.kz сайты хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, жұмысшылар талаптары орындалмаса, қаладағы жарықты сөндіретінін айтып ескерткен.

Порталдың хабарлауынша, олар жалақыны екі есеге өсіруді, демалыста төленетін ақыны көбейтуді, "13-жалақыны" беруді, зейнетақы жарнасын уақытында төлеуді, сыйақы беруді талап етіп отыр.

Олар мұндай әрекетке амалсыздан барып отырғанын және талаптары орындалмаған жағдайда жарықты сөндіретінін ескерткен. Бірақ аурухана, перзентханалар сияқты халық үшін маңызды нысандарға "тиіспейтінін" айтқан.

"Жаңаөзен тұрғындарына айтарымыз: егер қалада жарық сөнсе, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Біздің талабымыз орынды" деді наразылар.

Кей ақпаратқа қарағанда ереуіл 25 шілдеде басталған. Азаттық тілшісі аталған мекеме жұмысшылары мен басшылығына хабарласа алмады.

Orda.kz сайтының жазуынша, Жаңаөзен әкімдігі оқиғаға түсініктеме берген.

"Өзенэнергосервис" мекемесінің бір топ жұмысшысы еңбек қатынасына байланысты наразылық акциясын жариялады. Бірақ соған қарамастан кәсіпорынның жұмысы тоқтамады. Тұрғын үй секторы, әлеуметтік, коммерциялық нысандарға жарық беру бойынша мәселе жоқ. Халыққа маңызды және стратегиялық маңызы бар нысандардың барлығы штатты жағдайда жұмыс істеп жатыр" деді әкімдік өкілдері.

Қазір "Өзенэнергосервиспен" қатар өрт сөндіретін жекеменшік тағы бір мекемеде ереуіл жалғасып жатқаны хабарланды. Ақпарат анықталып жатыр.

Жаңаөзенде кей мекемелерде ереуіл өтіп жатса, кейбірінде тоқтаған.

25 шілдеде Жаңаөзенде "UTS LLС" мекемесінің ереуілі тоқтады. Компания жұмысшыларының бірі 27 шілдеде Азаттық тілшісіне бес талаптың барлығы орындалды, ереуіл тоқтады деп хабарлады. Мұны мекеме басшылығы да растады. Жұмысшылар жалақыны өсіру, денсаулыққа зиянды аймақта жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу және тағы бірнеше талап қойған еді.

Бұған қоса, "Өзенмұнайгазға" вахтерлық қызмет көрсететін NBKS мекемесінде де ереуіл тоқтағаны хабарланды.

Осыған дейін Атырау облысы Теңіз кенішінде ESS компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан еді. Ереуілдің тоқтағаны-тоқтамағаны белгісіз.

XS
SM
MD
LG