Ссылки доступа

Душанбе: 1700 жазасын өтеуші Вахдаттағы жаңа түрмеге көшірілді


Душанбе қаласы №1 түзеу мекемесіндегі 1700 жазасын өтеуші Вахдат қаласындағы жаңа түрмеге көшірілді. Бұл туралы Озоди радиосына Қылмыстық жазаны орындау бас басқармасының жауапты қызметкерлері хабарлады.

"Жазасын өтеушілер 25 шілдеде Вахдаттағы жаңа түрмеге көшірілді. Онда жағдай әлдеқайда жақсы. Вахдаттағы түзеу мекемесінде олар он адамдық камераларда тұрады, астанадағы түрмеде 80 адамдық барактарда жатқан. Тұрмыс жағдайы, соның ішінде тамақ дайындауға арналған жағдай жақсарды", дейді бас басқарма қызметкері.

Жаңа түрме тәжік астанасынан 15 шақырым жерде Душанбе-Вахдат күре жолы бойында орналасқан. Журналистерге, адам құқықтарын қорғаушыларға және азаматтық қоғам өкілдеріне жаңа түрмені әлі көрсеткен жоқ.

Душанбедегі түзеу мекемесіндегілерді жаңа түрмеге көшіру 14 шілдеде басталған. Вахдаттағы халықаралық стандарттарға сай тұрғызылған жаңа түрме террористік сипаты бар қылмыс жасағандарды ұстауға арналған.

Тәжікстанда жаза өтеуге арналған 19 мекеме бар, солардың 13-і түзеу мекемесі болса, алтауы күзеті мықты түрме. Екі жыл бұрын бұл мекемелерде шамамен 13 мыңға жуық адам отырған. Тәжікстандағы колониялардан жеті мың адам рақымшылықпен босап шықты.

Еске салайық, Тәжікстанда соңғы жылдары екі бүлік болды. Алғашқысы 2018 жылғы 7 қарашада Худжандтағы режимі қатаң түрмеде, екіншісі 2019 жылғы 19 мамырда Вахдаттағы түзеу колониясында тіркелді. Екі бүліктен елу адам қайтыс болды. Билік оны "Ислам мемлекеті" тобына жапты.

Дегенмен халықаралық сарапшылар мен адам құқықтарын қорғаушылар Тәжікстан түрмелеріндегі бүліктерге жағдайдың тым нашарлығы себеп болған деп есептейді.

XS
SM
MD
LG