Ссылки доступа

Беларусь билігі оппозициялық "Белсат" телеарнасын экстремистік деп таныды


Гомель қаласының Железнодорожный ауданының соты "Белсат" телеарнасының ақпараттық ресурстарын экстремистік деп таныды. Ішкі істер министрлігі экстремистік дереккөз ақпаратын таратқандар әкімшілік жаза алатынын ескертті.

"Белсат" – белорус тілінде ақпарат тарататын польшалық телеарна. Ол 2007 жылы ашылды. Беларусьтің алғашқы тәуелсіз телеарнасы деп те аталады. Арна 2020 жылғы тамызда президент сайлауынан кейін басталған наразылықтардан хабар таратты.

16 шілдеде құқық қорғау органдарының қызметкерлері "Белсат" журналистері Павел Можейко, Анна Галета, Галина Абакунчик, Кристина Чернявская, Алексей Кайрис, сонымен бірге "Каждый из нас" бағдарламасының жүргізушісі Глеб Лободенко, телеарнаның Гомельдегі тілшілері Евгений Меркис пен Игорь Ильяшты тінтіді.

21 мамырда "Белсат" студиясы тінтілген. Сол кезде студияның техникалық қызметкерлері ұсталған. Студияда "Каждый из нас" ток-шоуына дайындық жүріп жатқан.

18 ақпанда Минск соты "Белсат" телеарнасының журналистері Катерина Андреева мен Дарья Чульцованы 15 қарашадағы наразылық акциясынан хабар таратқаны үшін екі жылға соттады. Оларды қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды деп айыптады.

XS
SM
MD
LG