Ссылки доступа

Өзбекстанда жаңадан құрылған партияның белсендісін 14 отбасы мүшесімен үйінен шығарған


24 шілдеде Өзбекстанның жаңадан құрылған "Әділеттілік және даму" партиясының белсендісі Мухаммадамин Ирматов отбасымен 15 жылдан бері тұрып келе жатқан Ташкенттегі үйінен мәжбүрлеп шығарылды.

60 жастағы Ирматовтың сөзінше, оның 14 адамнан тұратын отбасы (өзі, әйелі, екі ұлы және екі келіні, қызы, күйеу баласы және алты немересі) сот шешімімен үйінен шығарылды.

Ирматов бұл оқиғаны өзінің саяси белсендігімен байланыстырады. Оның сөзінше, оларды үйден шығару жөніндегі сот шешімі бойынша Ташкент қалалық сотына апелляциялық арыз беріліп, ол бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырған. Одан кейін кассациялық арыз жазылғанына қарамастан, Мәжбүрлеп атқару бюросы аудандық соттың шешімін орындауға кіріскен.

Мурдараак Мухаммадамин Ирматов саяси белсенділігіне байланысты Әндіжан облысындағы туыстары да қысымға қалғанын мәлімдеді.

Хидирназар Аллакулов жетекшілік ететін "Әділеттілік және даму" партиясы президенттік сайлауға түсу үшін бірнеше рет партияны тіркетуге әрекеттеніп келеді. Бірақ әділет министрлігі партияны тіркеуден бас тартып келеді.

Өзбекстанда президенттік сайлауға дейін алты ай бұрын тіркелген саяси партиялар ғана үміткер ұсына алады. Бүгінгі күні Өзбекстанда бес саяси партия ресми тіркеуден өткен.

Өзбекстанда президент сайлауы биыл 24 қазанда өтеді. Қазіргі президент Шавкат Мирзияев әлі күнге дейін сайлауға түсетінін ресми жарияламады.

XS
SM
MD
LG