Ссылки доступа

Тәжік кеден қызметі: Шерхан-Бандарды тәліптер басып алған соң Ауғанстанмен сауда азайды


Тәліптер Шерхан-Бандар портына бақылау орнатқан соң Тәжікстанның Ауғанстанмен сауда айналымы төмендеді. Тәжікстанның кеден қызметінің басшысы Хуршед Каримзода 30 шілдедегі баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы Шерхан-Бандар кеден және сауда бекетін 21 маусымда тәліптер басып алды. Шекара бекеті Тәжікстанның Хатлон облысына қарасты Пяндж ауданы мен Ауғанстанның Құндыз провинциясындағы Имам Сахиб ауданы арасында орналасқан.

Екі ел арасындағы сауданың азаюына Шерхан-Бандар портын тәліптердің басып алуы себеп болды, деп мәлімдеді Тәжікстан кеден қызметінің басшысы.

"Бұрын күнде шекарадан 35-40 көлік өтсе, қазір бар болғаны үш-төрт көлік қана өтеді. Олардың өзі Ауғанстанда жағдай шиеленіскен уақытта Тәжікстанға келе жатқан көліктер", - дедіХуршед Каримзода.

Кеден қызметінің мәліметіне қарағанда, өткен айда Ауғанстанмен шамамен 38 мың тонна сауда жасалған. Қаңтар айында бұл көрсеткіш шамамен 86 мың тонна болған.

Жақында Ауғанстан билігі "Талибан" қозғалысының шекарадағы аудандарды басып алуы салдарынан бюджетке 33 млн доллар түспей қалғанын мәлімдеген.

Шерхан-Бандар порты арқылы Тәжікстаннан Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға зат тасылады.

XS
SM
MD
LG