Ссылки доступа

Тәжік кеден қызметінің басшысы: үш қызметкер 90 кг алтын мен 15 млн долларды заңсыз өткізген


Тәжікстан кеден қызметінің басшысы Хуршед Каримзоданың хабарлауынша, Ауғанстаннан 90 кг алтын мен 15 млн долларды контрабандалық жолмен өткізген үш қызметкердің екеуі қамауға алынды, біреуіне айыппұл салынды.

Бұл туралы ол 30 шілдедегі баспасөз конференциясында хабарлады.

Алтын мен шетел валютасы былтырғы қарашада Душанбе халықаралық әуежайында тәркіленген. Істі Тәжікстанның бас прокуратурасы тергеді, ал сәуірде Душанбе соты істегі тоғыз адамды екі жылдан бес жарым жылға дейін соттады. Олардың арасында кеден қызметі мен ішкі істер органдарының қызметкерлері болған.

Сот үкімінде айтылғандай, сотталғандар алтын мен шетел валютасын бірнеше жыл бойы заңсыз өткізіп отырған.

Биылғы ақпанда ауған баспасөзі Тәжікстанда тәркіленген алтын мен миллиондаған долларға Ауғанстан парламентінің вице-спикері Мохаммад Мирзо Катавозайқа қатысы барын жазған.

Мирзо Катавозай бұны жоққа шығарды. "Мүмкін емес. Мен кәсіпкер емес, саясаткермін", - деп мәлімдеді ол. Бірақ кейін Мирзо Катавозай ауған парламентінің вице-спикері қызметінен алынды.

XS
SM
MD
LG