Ссылки доступа

Қырғызстанға Sinopharm вакцинасының 1,25 млн дозасы жеткізілді


Қырғызстанға коронавирусқа қарсы Sinopharm қытай вакцинасының 1 млн 250 мың дозасы жеткізілді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, препарат республикалық бюджет қаражатына сатып алынды. Билік мәліметіне қарағанда, Қырғызстан Қытайдан Sinopharm вакцинасының 2 млн 350 мың дозасын сатып алған.

Биылғы наурызда Қытай Қырғызстанға Sinopharm вакцинасының 150 мың дозасын сыйлаған. 11 шілдеде Қырғызстанға қытай вакцинасының тағы 1 млн 250 мың дозасы жеткізілді, солардың 150 мың дозасын Қытай тегін берді, қалған 1,1 млн дозасы бюджет есебінен сатып алынды.

Үкімет вакцинаны сатып алуға, оны жеткізуге қанша ақша жұмсағанын айтпады. Бұның алдында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Алымкадыр Бейшеналиев қытай жағы Sinopharm вакцинасының нақты құнын жарияламауын сұрады деп мәлімдеген. Бірақ министр қытай вакцинасы Ресейдің Sputnik V вакцинасынан арзан екенін айтқан. Қырғызстан Sputnik V вакцинасының әрбір дозасын 10 доллардан сатып алған.

Еске салайық, Қырғызстан мен Қытай коронавирусқа қарсы вакцина өндіру жөніндегі зауыт құрылысын Қырғызстан аумағында салу мәселесін талқылаған.

Қырғызстанда коронавирусқа қарсы егу науқаны биылғы 29 наурызда басталды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 тамызға дейін 450 мың 398 адам екпе салдырған.

XS
SM
MD
LG