Ссылки доступа

Минск қаласында оппозиция жетекшілері Мария Колесникова мен Максим Знактың соты басталады


Беларусь астанасында оппозицияның үйлестіру кеңесінің мүшелері Мария Колесникова мен Максим Знактың соты басталады. Сот жабық өтеді.

Колесникова мен Знакқа ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекетке үндеді, мемлекеттік билікті заңсыз басып алуға тырысып, экстремистік топтар құрды деген айыптар тағылған.

Колесникова мен Знак былтыр президент сайлауында Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жариялаған соң басталған наразылық акцияларына белсенді түрде қатысты. Колесникова наразылық кезінде ең танымал белсенділердің біріне айналды. Сол кезде Светлана Тихановская, Вероника Цепкало мен Мария Колесникованы "әйелдер триосы" деп атап кетті.

Мария Колесникова былтыр қыркүйектің басында ұсталды. 8 қыркүйекте Колесникованы, сонымен бірге үйлестіру кеңесінің мүшелері Иван Кравцов пен Антон Родненковты Украинаға күшпен депортациялағысы келген, бірақ Мария төлқұжатын жыртып тастап, көліктен түсіп кеткен. Одан соң оны тағы да ұстап, тергеу изоляторына отырғызды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Максим Знак 9 қыркүйекте ұсталды. Кейін оған мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деген айып тағылды.

XS
SM
MD
LG