Азаттық радиосы қазақ редакциясының тілші Руслан Меделбектің сауалдарына жауап берген Тыныбекова көпшілік атлеттен алтын жүлде күткенін айтты.
"Командам ғана емес, бүкіл Қырғызстан, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын барша қырғызстандық - бәрі менен алтын жүлде күтті. Бәріміз соған дайын болдық, бірақ Жаратқанның қалауымен маған күміс бұйырды. Сол себепті мен кешірім сұраймын", - деді спортшы.
Еске салайық, 62 кг салмақ дәрежесінде финалда жапон атлеті Юкако Каваимен белдескен Тыныбекова 4:3 есебімен жеңіліп қалды.
Осылайша, Қырғызстан құрамасы Токиодағы ойындарда үшінші жүлде алды. Бір күн бұрын балуан Ақжол Махмудов күміс, ал спортшы Мээрим Жұманазарова (күрес) қола медальға ие болған.
Айсулуу Тыныбекова - Қырғызстанда танымал спортшы. 2019 жылы ол Нұр-Сұлтанда өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған.