Ссылки доступа

Құмтөр ісі: экс-премьер Темір Сариев екі айға қамалды


Бішкектің 1-май аудандық соты "Құмтөр" ісі бойынша ұсталған экс-премьер-министр Темір Сариевті екі айға қамау туралы шешім шығарды.

Сариев 30 қыркүйекке дейін Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторында отырады. Сариевтің адвокаты Тимур Сұлтанов сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Арнайы қызмет Темір Сариевті 3 тамызда ұстады.

"Тергеу анықтағандай, Сариев экономика министрі болып тұрған кезде "Құмтөр" кеніндегі жұмыстардың экологияға зардабын бірнеше миллиард сомқа төмен бағалаған", - деп хабарлады комитет.

Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Құмтөр ісі бойынша бірнеше депутат пен шенеунікке айып таққан. 31 мамырда бұрынғы премьер-министр Омурбек Бабанов, Жогорку Кенеш депутаттары Асылбек Жээнбеков пен Торобай Зулпукаров, экс-депутат Исхак Пирматов пен Талантбек Узакбаев арнайы қызметтегі тергеуден соң ұсталды.

9 маусымда президент Алмазбек Атамбаевтың Жогорку Кенештегі бұрынғы уәкілетті өкілі Данияр Нарымбаев, экс-депутат Алмазбек Баатырбеков қамауға алынды. Үкіметтің парламенттегі бұрынғы өкілі Динара Молдошева күдікке ілікті, ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Сонымен бірге бұрынғы бірінші вице-премьер-министр Тайырбек Сарпашев ұсталды.

Экс-депутатта Алмазбек Баатырбеков пен Талантбек Узакбаев, Исхак Пирматов, сонымен бірге бұрынғы бірінші вице-премьер-министр Тайырбек Сарпашев тергеумен келісімге отырып, олар үйқамаққа ауыстырылды.

Арнайы қызмет бұрынғы президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке іздеу жарияланғанын хабарлады. Ақаев 2 тамызда Бішкекке келіп, арнайы қызметте тергеуде болды. Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың әрекеттеріне де заң бойынша баға берілетіні айтылды.

XS
SM
MD
LG