Ссылки доступа

"Саяси тұтқын" Асқар Қайырбек түрмеде аштық жариялады


"Экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды және қатысты" деп айыпталып, 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған астаналық белсенді Асқар Қайырбек түрмеде аштық жариялады. Адвокат Гүлшат Дүйсенованың айтуынша, оның аштық жариялағанына 6 тамызда бес күн болды.

– Ол істі қайта қарап, әділ үкім шығаруды талап етіп отыр. Ол өзін кінәсізбін деп санайды және 405-баптың 1-бөлігі ( "экстремистік ұйымның ісіне араласу") және 405-баптың 2-бөлігі ("экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастыру") бойынша ақтауды талап етеді. Екіншіден, Асқар Қазақстанда бұл бап бойынша көптеген адамға шектеу жазасын беріп жатқанда не себепті өзін бас бостандықтан айырғанын түсінбейді, – деді адвокат Гүлшат Дүйсенова Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, Асқар Қайырбек аштық жариялағаны туралы ресми түрде өтініш жазып, түрме әкімшілігін ескерткен. Белсенді тамақтан бас тартқан, қазір су ғана ішіп отыр.

Соңғы рет 29 шілдеде түрмеге барған адвокат белсендінің еңсесі біраз түсіп кеткенін көрген.

Адвокат осы аптада апелляциялық шағым түсірген. Жуырда қаралуы тиіс. Әзірге сот отырысының күні белгіленбеген.

Азаттық тілшісі 6 тамызда Асқар Қайырбек отырған түрме – Нұр-Сұлтандағы ЕЦ-166/1 қоныс колониясына хабарласты.

Мекеме басшысы Бағдат Амангелдиев "ол кісі су ішіп отыр, жағдайы бәрі дұрыс" деді. "Дәрігерлер жағдайын бақылап отыр ма?" деген сұраққа ол:

"Біздің мекемемізде медициналық қызметкерлер де бар, басқалар да бар. Кімге көмек керек болады, жалпы көмек көрсетеді" деп жауап берді.

22 маусымда Нұр-Сұлтан соты Асқар Қайырбекті 1,5 жылға бас бостандығынан айырған. Бұған қоса, бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.

44 жастағы Асқар Қайырбек былтыр 22 желтоқсанда қамауға алынған. Ол қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына қатысы бар деп қамалған.

Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Құқық қорғаушылар Асқар Қайырбекті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Асқар Қайырбек – Нұр-Сұлтанда адам құқығын қорғауды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылықтарға белсене қатысып жүрген адам. Ол бұған дейін де азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-тен 15 тәулікке дейін қамалған.

XS
SM
MD
LG