Ссылки доступа

Майғазиев демпартия белсендісі Дүйсебаевамен соттасуын доғаратынын айтты


7 тамыз күні кешке Шымкенттегі қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиев тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" белсендісі Аружан Дүйсебаеваны "кешіргенін" мәлімдеп, Қаратау аудандық сотына "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп берген арызын қайтарып алатынын айтты.

Ол бұл туралы Instagram парақшасында жариялады.

Майғазиевтің 15 минутқа созылған видеоүндеуінде Дүйсебаеваның "кешірім сұрағанына мұқтаж емес" екенін, өзі туралы видеоны алып тастамаса да, "кешіргенін" және "қылмыстық іс бойынша арызын қайтып алғанын" айтады.

Азаттық Майғазиевтің осы үндеуінен соң Дүйсебаеваға хабарласып пікірін сұрады. Белсенді бұрынғыша Майғазиевтің сотқа билік тапсырмасымен жүгінгенін айтты.

– Егер тапсырма келмесе, кешірім қажет болмаса, бірнеше рет сотқа арызданып әуре сарсаңға түспейтін еді. Бүгін-ертең сараптама қорытындысы дайын болып, 11 тамызда жала жабылды ма, жоқ па айтылуы керек еді. Енді барлығы далада қалды, – дейді белсенді.

Майғазиевтің сотқа жүгінуіне Дүйсебаеваның наурыз және сәуір айларында Youtube арнасына шығарған екі видеосы себеп болған. Онда "Шымкентте наурыз тойына бөлінді делінген 565 миллион теңгенің дауы" туралы айтылады.

Майғазиев шағымында екі видеодағы төрт сөйлемге наразы. Ол "мемлекет тарапынан бөлінген 565 миллион теңгені жоқ қылды", "жемқорлыққа бару халыққа жасаған опасыздық", "жемқор" деген сөздер "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп есептейді. Ал белсенді Аружан Дүйсебаева өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін, "565 миллион теңгенің есебін сұрағаным үшін істі болдым, әншінің ары таза болса, соттасқанша халық алдында есеп берсін" деп мәлімдеген.

Бұған дейін "Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға бюджеттен 565 миллион теңге бөлінгені" жайлы ақпарат тарап, дау туған. Шымкент қаласының әкімдігі ақпаратты жоққа шығарды. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қалалық мәдениет үйінің жетекшісі Сәкен Майғазиев "Наурыз шараларына ары кеткенде 180 миллион теңгенің ары жақ, бері жағындағы ақша жұмсалды. 565 миллион теңге емес" деп мәлімдеген. Ал мемлекеттік сатып алу сайтында наурыз мерекесіне орай деген атауы бар келісім-шарт сомалары 180 миллион теңгеден асып түседі.

XS
SM
MD
LG