Ссылки доступа

Токиода Олимпиада-2020 аяқталды: АҚШ құрамасы бірінші орын алды


Жексенбі, 8 тамыз күні Халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы Томас Бах Токио-2020 ойындарын жабық деп жариялады.

68 мың адамдық стадионда көрерменсіз өткен жабылу салтанатында Бах коронавирусқа байланысты бір жылға шегерілген Токио-2020 ойындарын "ең сындарлы олимпиада саяхаты" деп атады.

"Басымыздан өткеріп жатқан қиын-қыстау кезеңде сіздер бізге ең қымбат сый тарттыңыздар – үміт сыйладыңыздар. Ал мен осы бір ең сындарлы олимпиада саяхатын аяқтауым керек: 32-олимпиада ойындарын жабық деп жариялаймын" деді Бах жабылу салтанатында спортшылар алдында сөз сөйлей отырып.

Коронавирус індеті күшейген тұста өткен бұл ойындар жанкүйерсіз өтті. Олар доданы тек БАҚ арқылы ғана көре алды. Ал жарыс алаңына шығатын спортшылар қатаң биоқауіпсіздік жағдайында өмір сүрді. Оларды олимпиада ауылына жайғастырып, қатаң карантин талабын ұстануды талап етті. Әлеуметтік қашықтық ұстанып, тамақтану, ұйықтау және жаттығу не жарысу кезінен өзге уақытта маска тағып жүруі керек болды.

Олимпиада қарсаңында жапониялықтар арасында ойындар коронавирус өршітуі мүмкін деген күдік басым болды. Жарыс кезінде Токиода вирустың тарауы расымен күшейді. Бірақ оның олимпиада ойындарына тікелей қатысты екені дәлелденбеді. Алғаш рет Үндістанда тіркелген "дельта" варианты бүкіл әлем бойынша үлкен қарқынмен тарап жатыр.

Жапония үкіметі сақтық шараларына қатты мән беріп, келушілерді қайта-қайта тексеріп, олардың олимпиада ауылынан себепсіз шықпауын қамтамасыз етті. Олимпиада кезінде бар-жоғы 430 адамның ПТР тесті оң шықты. Оның 32-сі олимпиада ауылынан анықталды.

Медаль есебінде АҚШ бас қарсыласы Қытайдан озып, 1-орын алды. Америкалықтар 39 алтын, 41 күміс, 33 қола жүлдеге ие болды. Қытай 38 алтынмен 2-орында қалды. Жарыс иесі Жапония өз рекордын жаңартып 27 алтын медаль жеңіп алды. Төртінші орында – 22 алтын медаль алған Ұлыбритания, бесінші орында – 20 алтын медаль алған Ресей.

Қазақстан спортшылары Токиода бірінші орыннан да, екінші орыннан да көріне алмай, тек қола медальмен шектелді. Ел қоржынында 8 қола жүлде бар. Қазақстан оларды дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, бокс, еркін күрес жарыстарында алды. Сөйтіп жалпы медаль есебінде Қазақстан 83-орынға табан тіреп, Орталық Азиядағы көршілерінің үшеуінен қалып қойды.

Аймақтың халқы жағынан ең ірі елі Өзбекстан үш алтын, екі қола медальмен 32-орын алса; екі күміс, бір қола жүлде алған Қырғызстан 70-орын алды. Түркіменстан өз тарихында алғаш рет жүлде жеңіп алды. Ауыр атлет Полина Гурьева күміс медаль алды. Жарысты бір ғана жүлдемен аяқтаған Түркіменстан 77-орыннан табылды.

Олимпиада туы Францияға берілді. Келесі ойындар осы елдің астанасы Парижде өтеді.

XS
SM
MD
LG