Ссылки доступа

Ақтөбеде жүз шақты адам "ЛГБТ өкілдерінің жиынын" өткізуге қарсылық білдірді


8 тамыз күні Ақтөбеде жүз шақты адам жиналып, "ЛГБТ өкілдерінің облыс орталығына келіп, жиын өткізуіне" қарсылық білдірді. Олар "дәстүр мен дінге қайшы қозғалыс өкілдерін әкімдік Ақтөбеге кіргізбесін" деген жазбаша талаптарын жергілікті әкімдікке жолдамақ.

Рұқсат етілмеген жиынды полиция сырттай бақылады, ешкімді ұстаған жоқ.

Ақтөбедегі "Анвар" гипермаркеті алдындағы автотұраққа наразылар жексенбі күні кешкі алтыға таман жинала бастады. Олар желіде "13 тамыз күні Ақтөбеде ЛГБТ өкілдерінің жиыны болады" деген хабарландырудан соң наразылықтарын айтуға келген.

- Ата-бабаларымыз ұлтарақтай жердің барлығын ұрпаққа аманат етіп қалдырған болатын. Ендеше осындай жерде ЛГБТ өкілдерінің тайраңдап жүруіне, саясаттарын жүргізуіне жол жоқ! Біз қарсымыз! Батыстың намысшыл жігіттерінің жеріне келмес бұрын алдымен ойланып алыңыздар. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер! - деді наразылардың бірі Асқар Қалбеков ЛГБТ өкілдеріне қарата айтқан видеоүндеуінде.

Қалбеков наразылық жиынына қазақ хандарының есімдері жазылған бетперде тағып келген.

- ЛГБТ қозғалысы- қазақстандықтардың ғасырлар бойғы дәстүрі мен діни көзқарасына қайшы. Сондықтан әкімдік пен үкімет ол қозғалыс өкілдерінің Ақтөбеге келуіне жол бермеуі керек. Біз осыны талап етеміз, - деді өзін Орал Бисембин деп таныстырған адам.

Наразылық жиынында сөз сөйлегендердің көпшілігі "ЛГБТ қозғалысы өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың тәрбиесіне кері әсер етеді" деп санайды. Айтуларынша, олар наразылық акциясының өтетінін әкімдікке хабарламаған.

Мессенджерден тараған хабар бойынша жиын өтеді делінген жерге жүз шақты адам келген. Бірақ рұқсат етілмеген жиынға қатысушыларға полиция ескерту жасап, әдеттегідей наразылардың тарауын талап етпеді. Сырттай бақылаумен болды. Наразылар әкімдікке жіберілетін үндеуге қол қойып, бір сағаттан соң тарап кетті.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Feminita белсенділері тамыз айының ортасында Ақтөбеде адам құқығы жөнінде жиын өткізетінін хабарлаған. Аталған топ 6 тамызда Ақтөбедегі жиынға байланысты жан-жақтан қоқан-лоқы түсіп жатқанын хабарлады. Кейбірі тіпті өлтіретінін айтып қорқытқан.

XS
SM
MD
LG