Ссылки доступа

Өзбекстанда коронавируспен ауырғандарды өз есебінен демалысқа жіберіп жатыр


Өзбекстанда коронавируспен ауырған науқастарды өз есебінен демалысқа жіберіп жатыр. Кейбір мекемелерде вакцина салдырмағандарды жұмыстан шығарамыз деп қорқытып жатыр. Осылай деп Хорезм облысының "Худудгаз" кәсіпорнының қызметкерлері хабарлайды.

– Соңғы үш айда екі әріптесіміз коронавируспен ауырды. Қазір олар ақысыз еңбек демалысында. Айлықсыз отыр. Оларға өз есебінен демалысқа шығу жөнінде өтініш жаздырып алды. Біздің басшылық вакцина алуды міндеттеп жатыр. Болмаса жұмыссыз қаласыңдар дейді. Егер біз жұмыссыз қалсақ, айлық ретінде алып отырған 1,5 милллион сумнан (150 доллар) қағыламыз, – дейді кәсіпорын қызметкері.

Осыған дейін Өзбекстанның өзге мекеме қызметкерлері де вакцина алуды міндеттеп жатқанын хабарлаған.

​Өзбекстан президентінің биылғы наурыз айындағы жарлығына сәйкес, 14 жасқа дейін бала тәрбиелеп отырған ата-ана коронавируспен ауырып қалса, еңбек ақысының көлемінде мемлекет тарапынан өтемақы алады.

Сонымен бірге 2 тамызда Өзбекстан президенті вакцина алуды міндеттеу туралы жарлыққа қол қойған. Бұл жарлық 3 тамыздан бастап күшіне енген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір ауруханаларда 10 мың науқас ковид вирусынан ем қабылдап жатыр. Үш мың адам үйінде емделіп жатыр. 2,4 мың адамның жағдайы ауыр, 890 науқастың жағдайы өте ауыр.

XS
SM
MD
LG