Ссылки доступа

Тәжікстанда кісі қолынан қаза тапқан студенттің туыстары бес адамды кінәлайды


Тәжікстанның бас прокуратурасы 21 жастағы студент Алиризоның өліміне қатысты істі тексеріп жатыр. Оқиға 11 шілдеде Рашт ауданындағы Яшм ауылында болған.

Кісі өлтірді деген күдікпен екі адам ұсталған, бірақ марқұмның туыстары қылмысқа кем дегенде бес адамның қатысы бар деп отыр.

Істі әуелі Рашт ауданының прокуратурасы тергеген. Алайда Алиризоның туыстары президент әкімшілігіне шағымданып, істі Бас прокуратура тергей бастады.

Кісі өлтіру қылмысынан соң Рашт ауданының тұрғыны Зафар Насриддин ұсталған. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Екі апта бұрын Рашт ауданының прокуратурасы Раджабали Хомидовты ұстады. Оған абайсызда қылмыс жасады деген айып тағылған.

Бұның алдында Алиризоның туыстары әлеуметтік желілерде кісі өлтіруге қатысы болуы мүмкін адамдардың аты-жөнін жариялаған.

Рашт университетінің студенті Алиризо Худоёров 13 шілдеде жерленді. Ол - Социал-демократиялық партияның Рашт ауданындағы бөлімшесінің жетекшісі Фарход Худоёров пен белсенді Жунайдулло Худоёровтың немере інісі.

Фарход пен Жунайдулло Худоёровтар Рашт билігінің жұмысын үнемі сынайды. Олардың айтуынша, өткен айда белсенділердің бауыры Саъдулло Худоёровқа шабуыл жасалған.

XS
SM
MD
LG