Ссылки доступа

70 ел тәліптерді Ауғанстаннан шығам деушілерге рұқсат беруге шақырды 


Кабул әуежайы
Кабул әуежайы

Әлемнің 50 елі және Еуропалық одақ бірлескен мәлімдеме жасап, Ауғанстаннан кетем деген шетел және жергілікті азаматтардың қауіпсіздігін қорғап, олардың шығып кетуіне мүмкіндік беруге шақырды.

"Жолдар, әуежайлар және шекаралар ашық болуы керек. Тыныштық сақталуы қажет. Ауған халқы қауіпсіз әрі бейбіт өмір сүруге лайық. Халықаралық қауымдастық мүшелері көмек көрсетуге дайын", - делінген АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан бірлескен мәлімдемеде.

Жексенбі күні тәліптер Ауғанстан астанасы Кабулды соғыссыз басып алды. Ел президенті Ашраф Ғани қашып кетті.

Кабулда қазір коменданттық сағат орнаған. Ауғанстанда қалған аз ғана АҚШ әскері қазір әуежайды күзетіп тұр. Мұнда АҚШ, Франция және Германияның дипломаттары бар. Әуежайда сонымен бірге елін тастап кетуге асық мыңдаған халық тұр. Коммерциялық рейстердің бәрі уақытша тоқтап тұр.

Пентагон Кабул әуежайында әскерін 6000-ға дейін көбейтеміз деп мәлімдеді.

Кабулдағы Ресей елшілігі ешқайда кетпейтінін, жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді. Орталық Азия елшіліктері де әдеттегі режим бойынша жұмысын жалғастыра береді.

"Талибан" қозғалысының өкілі "Әл-Жазира" телеканалына берген сұқбатында Ауғанстанда соғыс тоқтағанын, елді басқару жүйесі жақын арада белгілі болатынын мәлімдеді.

"Талибан" саяси бюросының ресми өкілі Мухаммад Наимның сөзінше, ешбір дипломатиялық миссия тәліптердің басты нысаны емес. Ол елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін, дипломатиялық келіссөздер жалғаса беретінін жеткізді. Ол сонымен бірге тәліптер әйелдер мен азшылық өкілдердің құқығын сыйлайтынын, бірақ тек шариғат заңы бойынша деді.

"Талибан" қозғалысы 1996 жылдан 2001 жылға дейін Ауғанстанның басым бөлігін бақылауында ұстаған. Бірақ АҚШ және оның одақтастары әскерін кіргізген соң, бақылаудан айырылған. АҚШ әскері қыркүйек айына дейін әскерін толық шығарамыз деп мәлімдегеннен кейін, аймақтарды біртіндеп басып ала бастаған.

XS
SM
MD
LG