Ссылки доступа

Мирзияевтің қызы ашқан Хивадағы мобилді балабақша әлі жұмысын бастамаған


Бір ай бұрын Өзбекстанның Хорезм облысындағы Хива ауданының шалғайда жатқан екі ауылында "Аклвой" ("Ақылды") жобасы аясында ұйымдастырылған екі мобилді балабақша салтанатты түрде ашылған болатын. Бірақ жергілікті тұрғындар ол балабақшалар бүгінгі күнге дейін жұмыс істемей тұрғанын айтады.

– Бір ай бұрын біздің ауылда автобус-балабақша ашылғаны жарияланған. Оның ашылуына жергілікті шенеуніктер қатысып, БАҚ-та жарияланып, үлкен жарнама болған. Бірақ балабақша әлі жұмысын бастамады. Ашылуы кезінде балаларды алып келіп, суретке түсіріп, кейін қайта алып кетті",- дейді тұрғындардың бірі.

Бұл мәліметті ауыл белсенділері мен өзге тұрғындары да растады.

Хива аудандық білім беру басқармасының аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкері тәуелсіздік күні қарсаңында жұмысты бастайтынын жеткізді.

– Қазір балабақшаға қабылданатын балалардың тізімі жасалынып жатыр, – деді ол.

Шалғай ауылдарға арналған мобилді балабақша ашу жобасының авторы президент Шавкат Мирзиявтің кіші қызы Шахноза Мирзияева. Ол білім министрлігі жанындағы мектепке дейінгі білім беру басқармасын басқарады.

Биыл наурыз айында жоба аясында 49 автобус базасында ұйымдастырылған мобилді балабақшалар Өзбекстанның 98 ауылын қамтитынын мәлімдеген.

Мобилді топтардағы оқу жылы 2 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады.

Бұл жобаға Біріккен Араб Эмираттары грант бөлген. Ресми мәліметке сәйкес, Өзбекстанда 11 миллион баланың мектепке дейінгі мекемелерге баруға мүмкіндігі жоқ.

XS
SM
MD
LG