Ссылки доступа

Қазақстанда демалыс күндері локдаун сақталады


Қазақстанда коронавирус бойынша эпидемиологиялық қауіпі жоғары "қызыл аймақтарда" демалыс күндері карантин тәртібі сақталады. Осылай деп елдің үкімет басшысы Асқар Мамин 18 тамызда мәлімдеді.

Демалыс және мейрам күндері карантин орнату жөнінде елдің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ұсыныс білдірген.

Оның сөзінше, соңғы бірнеше аптада "эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақтала бастады". Бір аптада орта есеппен 53 мың адамнан ковид вирусы анықталған. Қазір инфекциялық ауруханаларда науқастар 53 процент, жансақтау бөлімінде 47 процент толы.

"Әрі қарай науқастар санын арттырмас үшін аймақтарда демалыс күндерінде карантин ережесін сақтауды ұсынып отырмыз. Халық арасында вакцина салтыруды кең насихаттауымыз керек", - деді министр Цой.

Премьер-министр Асқар Мамин денсаулық сақтау министрінің ұсыныстарын қолдады.

17 тамыз күні Қазақстанда 7034 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен.

Алматы қаласы мен Қарағанды облысында науқас саны әдеттегідей мыңнан асты. Біріншісінде 1403, екіншісінде 1049 науқас тіркелді. Шілденің соңғы онкүндігінде тәулік сайын 1,5 мың науқас шығып жүрген Нұр-Сұлтанда коронавирусқа 735 адам шалдықты.

Індет басталғалы елде барлығы 708 379 Covid жұқтыру жағдайы тіркелген. Оның ішінде 7867 адам аурудан айыға алмай, қайтыс болған. Билік бұл тізімге коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген 2 мыңнан астам адамды қоспай отыр.

XS
SM
MD
LG