Ссылки доступа

БҰҰ Ауғанстандағы қызметкерлерінің бір бөлігін Қазақстанға орналастырды


Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан баспасөз хабарламасындағы ұшақтың суреті.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан баспасөз хабарламасындағы ұшақтың суреті.

18 тамыздың кешінде Алматы әуежайына Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстандағы бір топ қызметкері мінген ұшақ қонды. Олар Ауғанстандағы жағдай тұрақтағанша, Қазақстанда болмақ. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді. Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады" делінген министрлік баспасөз хабарламасында.

Ресми басылымдар ұшақ бортында 141 адамның болғанын, олардың бәрі UNAMA қызметкерлері екенін хабарлады.

Осының алдында БҰҰ Ауғанстандағы 300 халықаралық қызметкерінің үштен бірін Қазақстанға орналастыратынын мәлімдеген.

БҰҰ-ның ресми өкілі Стефан Дюжаррик 18 тамыз күні жүзге тарта халықаралық қызметкерінің уақытша Алматы қаласында болатынын айтқан.

"Бұл – уақытша шара. Ол БҰҰ-ның Ауғанстан халқына қолайсыздықты мейлінше азайта отырып, БҰҰ қызметкерлеріне қауіп төндірмей көмектесу үшін қажет" деді Дюжаррик сәрсенбі күні.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанға 18 тамыз күні келгені UNAMA қызметкерлері. СІМ олардың халықаралық дипломат екенін, қолдарында БҰҰ паспорты барын айтады.

СІМ хабарламасына қарағанда, БҰҰ қызметкерлері Қазақстанда Ауғанстандағы жағдай тұрақтағанша, шамамен алты ай болады деп келісілген.

Министрлік қызметкерлердің Қазақстанда тұру шығынын БҰҰ-ның өзі көтеретінін мәлімдеді.

15 тамыз күні Ауғанстан аудандары мен қалаларының басым бөлігін өз қолына алған "Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) Кабулге кіріп, тұтас Ауғанстанды бақылауға алғанын, 20 жылдық соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Ел президенті Ашраф Ғани сол күні елден кетті. Ауғанстанда, әсіресе Кабулде тәліптер репрессияшыл заңдарын қайта орнатып, үкіметке қызмет еткен адамдарды жазалайды деп қорыққандар елден кетуге асықты. Батыс елдері дипломатиялық өкілдіктері мен соларға қызмет еткен ауған азаматтарын эвакуациялап жатыр.

18 тамыз күні мұның алдында Қазақстанның Ауғанстаннан 42 адамды эвакуациялағаны хабарланды. Олардың 25-і Қазақстан азаматы, 14-і қырғыз азаматы, біреуі Ресей, біреуі Литва азаматы болған.

XS
SM
MD
LG