Ссылки доступа

"Алдымен біздің мәселені шешіңдер". Қырғызстандағы ауғандар босқын мәртебесін сұрайды


Ауғанстан босқындары Қырғызстандағы АҚШ елшілігі маңында. Бішкек, 18 тамыз, 2021 жыл.

Қырғызстанда тұратын Ауғанстан азаматтары Бішкектегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) ғимараты мен АҚШ елшілігі алдында тағы пикет өткізді.

Акцияға қатысушылардың бірі Ажмал Жамал Қырғызстанға 1999 жылы келген екен.

‒ Мен 1999 жылы Ауғанстаннан Қырғызстанға келгенде, дәл қазіргідей тәліптер билікке келген еді. Сол кезде миграция қызметіне арыз жазып, босқын мәртебесін сұрағам. Содан бері 22 жыл өтті. Осы аралықта балалар дүниеге келді. Бірінші қызым журналист, екіншісі дәрігер болып істеп жатыр. Ұлым спортшы. Бірақ ешқайсында әлі күнге дейін төлқұжат жоқ. Шетелге шықпақ түгілі, телефонға сим-карта ала алмаймыз", - дейді ол.

Митингке шыққандар саны 400-ден асады. Олардың бәрі босқын мәртебесін алмаған. Қырғыз билігі 73 ауған азаматына босқын мәртебесі берілгенін, 67 адамның өтініші қаралып жатқанын айтты.

Ауғанстанды "Талибан" қозғалысы басып алғаннан кейін Қырғызстан билігі 1200 памир қырғызын қабылдауға дайынбыз деп мәлімдеген.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев 500 ауған студентіне виза береміз деген.

Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі жанындағы босқындар ісі жөніндегі басқарма басшысы Жыпара Мамбетованың сөзінше, акцияға шыққандарға кезінде босқын мәртебесін беру қанағаттандырылмаған.

Ал пикетке шыққандар қолында БҰҰ-ның босқын мәртебесі жөніндегі мандат бар екенін айтады.

Қырғызстан тәуелсіздік жылдарында 20 мың адамға босқын мәртебесін берген. 10 мың адамға қырғыз азаматтығы берілген. 9 адам тарихи отанына оралған. 1500 босқын Қырғызстаннан үшінші елге шығып кеткен.

XS
SM
MD
LG