Ссылки доступа

Өзбекстанда оппозициялық "Эрк" партиясының қамаудағы белсендісінің тағдыры беймәлім


Рахмиддин Абраев
Рахмиддин Абраев

"Эрк" демократиялық партиясы Орталық кеңесінің мүшесі Рахмиддин Абраев Өзбекстанда биыл 16 тамызда ұсталды.

"Эрк" партиясы басшылығының хабарлауынша, жас ақын әрі саяси белсендінің отбасын "қорқытқан", белсендінің өзі қайда екені белгісіз.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Рахмиддин Абраевты 16 тамызда Қашқадария облысы Мубарек ауданына қарасты "Карлук" ауылындағы үйінен алып кеткен.

Содан бері оның қайда екені белгісіз.

Бұған дейін хабарланғандай, үш жыл бұрын Абраев енесінің арыздануымен сотталған. Енесі күйеу баласын "отбасында зорлық жасады" деп айыптаған. Сол кезде сот оның жүріп-тұруын шектеген. Абраев бір жылын өтеген. Бірақ биыл 26 мамырда белсенді "Эрк" партиясының съезіне қатысу үшін Ташкентке барған.

"Үш ай өткен соң билік Абраевты алып кеткен, қалған екі жылды ол қамауда өткізеді", делінген "Эрк" партиясының мәлімдемесінде.

"Эрк" партиясының жетекшісі Мұхаммад Салихтың айтуынша, соңғы кездері Рахмиддин Абраевқа арнайы қызмет қысым көрсетіп жүрген. Оппозициялық саясаткердің пікірінше, Абраевтың ұсталуы Өзбекстанда президент сайлауымен байланысты болуы мүмкін.

– Олардың мақсаты – сайлау қарсаңында саяси алаңды тазалау, оппозициялық саясаткерлердің аузын жабу, сөйтіп қызметке оңай жолмен жету. Рахмиддин Абраевты да қорқытқылары келді, бірақ мұндай әдіс жүрмейтінін түсінген олар оны қамауға алды, – деді Мухаммад Салих.

Еске салайық, өткен аптада "Эрк" партиясы өзбекстандықтарды 24 қазанда өтетін президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған.

XS
SM
MD
LG