Ссылки доступа

Тоқаев: Ауғанстандағы жағдайдың белгілі бір деңгейде қатері бар


Алматы облысында Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның "Қайсар-2021" деп аталатын оқу-жаттығуы өтті. Жаттығуды тамашалағандар қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болды.

Елдің жоғары қолбасшысы саналатын Тоқаев ішкі істер министрлігінің "түрлі дағдарыстың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екенін" атап өтті деп жазды Akorda.kz.

"Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейлінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек" деп келтірді Тоқаевтың сөзін оның баспасөз қызметі.

Қазақ президенті әскери қызметкерлерге әлеуметтік жағдайы жақсартып беруге уәде берді. Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артады деді ол.

Қазақстан билігі мемлекеттік және бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтергенде әдетте оны жетістік етіп көрсеткісі келеді. Алайда ел экономикасының қуатына қарай азаматтар жыл сайын инфляция мен қымбатшылыққа тап болып жатады. Маусым айында Қазақстанда жылдық инфляция 8,4 пайыз болған.

Қазақстан Ауғанстанмен шектеспейді, бірақ шектесетін Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен көршілес. Мамандар "Талибанның" алдағы қадамдарын "болжау мүмкін емес" дейді.

Аптаның басында сыртқы істер министрлігі қазақ елшілігінің тәліптермен ешқандай байланысқа шықпағанын айтқан. Алайда кейіннен тәліптердің елшілікке келіп, дипөкілдіктің қауіпсіздігіне кепіл бергенін айтты.

15 тамыз күні тәліптер Кабулге кіріп, Ауғанстанды толық бақылауға алғанын мәлімдеген соң, ел астанасында "Талибан" режимінен үрейленген ауғандар елден кетуге асығып, дүрбелең орын алды.

Эвакуация орталығына айналған Кабул халықаралық әуежайына күн сайын мыңдаған ауған ағылып, кісі кептелісі болып жатыр. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің жеті ауған азаматының қаза тапқанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG