24 шілдеде Баткеннің Көк-Таш ауылындағы Кум-Мазар деген жерінде екі тараптан да оқ атылған. Одан тәжік шекарашысы Шухрат Курбонов жарақат алған. Қақтығысқа шекарадағы талас туғызып отырған жерге тәжік азаматтарының тазалау жұмысын жүргізгені себеп болған.
Екі өлкенің шекара қызметінің өкілдері оқиғадан кейін кездесіп, сөйлескен.
"Қырғызстанның Кум-Мазар және Тәжікстанның Сомоньен жерінде қандай да бір шаруалық істерді жүргізбеу жөнінде келісілді", - деп айтылған шекара қызметі таратқан мәлімдемеде.
Тәжікстан билігі бұл оқиға бойынша түсініктеме берген емес. Бірақ осыдан кейін тәжік азаматтарына Кум-Мазар демалу орнына барып, ем алуға тыйым салынған.
"Бұл санаторий сияқты жер. Адамдар ол жаққа барып ем алады. Ол жер бізге тиесілі, бірақ қырғыздар қазір иеленіп отыр. Бала кезден сол жерге барып құммен ойнайтынбыз. Ешкім бізге тосқауыл қойған емес. Қазір қырғыздар кіргізбейді. Мен бұл жерге ем алу үшін барғым келеді", - дейді исфаралық тұрғын Фазлиддин Фозилов.
Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара ұзындығы 970 шақырым болса, оның 519 шақырымы ғана белгіленген.