Ссылки доступа

Жетібайда "West Oil Software" компаниясының 500-дей мұнайшысы ереуілге шықты


Забастовка рабочих West Oil Software в Жетыбае, 23 августа 2021 года
Забастовка рабочих West Oil Software в Жетыбае, 23 августа 2021 года

23 тамызда Маңғыстаудағы "West Oil Software" компаниясының бес жүзге жуық мұнайшысы жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді, еңбек шартын жақсартуды талап етіп тұр. Мұнайшылар бұдан бөлек өздері құрған тәуелсіз кәсіподақтың жұмысына жұмыс берушінің кедергі келтірмеуін де сұрайды.

Ереуілге шыққан мұнайшының бірі Қонысбай Өтеповтің Азаттыққа айтуынша, жұмысшылар "West Oil Software" компаниясының Жетібай кентіндегі кеңсесі алдына жиналған.

- Бүгін жұмысқа шықпадық. Жалақыны 2020 жылдың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Еңбек кодексінің 103-бабына сай мұнай саласындағы компаниялардікіне теңестіруді сұрап тұрмыз. Бұл – ең бастысы. Одан бөлек, кәсіподағымыздың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, еңбек шартын жасауды сұраймыз, - деді ол.

Өтепов "West Oil Software" мұнайшыларының кейбірі бес күндік, біразы 15/15 күндік вахталық ауысыммен жұмыс істейтінін айтады. Оның сөзінше, орташа жалақы 230 мың теңгені құрайды.

"West Oil Software" мұнайшылары жалақыны "Ойл Транспорт Корпорешэн" компаниясы жалақысымен теңестірсе кемі 450-500 мың теңге алатындарын айтады.

"West Oil Software" мұнайшыларының кәсіподағының төрағасы Ақылбек Реймов мұнайшыларда осы күнге дейін ұжымдық шарт жоғын жеткізді.

- 2018 жылы "Ойл Транспорт Корпорешэн" құрамынан шығарып, оның техникасын жалға алып бізді осы "West Oil Software" мекемесіне кіргізді. Кәсіподағымыз "Отын энергетикалық кешені" кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы құрамына енген. Біздің тоқтап тұрған техникамыздың кейбірін адам жалдап ішінара жұмыс істетіп жатыр. Әзірге мекеме басшылары мен аудан әкімдігі келіп кетті, - деді ол.

Азаттық тілшісі "West Oil Software" компаниясының Ақтау қаласындағы кеңсесіне қоңырау шалғанымен телефонды ешкім көтермеді. Ал мұнайшылар сыртынан "бастықтың орынбасары" деп таныстырған Азамат Ахметов алдымен қасында адамдар барын айтып, кейін хабарласуды сұрады. Бірақ артынан телефонды мүлде алмады.

"West Oil Software" "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшэн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. "Маңғыстаумұнайгаздың" Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағындағы Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.

XS
SM
MD
LG